ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі вице-министрге сондай-ақ, «лауазымды өкілеттілігін теріс пайдаланды, пара алды, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласты» деген мәлімдеме жасады. Алайда, Эльмира Суханбердиеваның әзірге нақты қанша қаржыны қалтаға басқаны белгісіз, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін ғана ұсталған Білім және ғылым министрінің орынбасары алдағы екі айда уақытша ұстау изоляторында болады.
«Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Суханбердиева Эльмира Амангелдіқызын екі айға қамауға алуды санкциялады. Бұл 2019 жылдың 2 тамызына дейінгі аралықты қамтиды», – деді Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының баспасөз хатшысы Ботагөз БАЯНОВА
Ал вице-министр қандай күдікке ілініп отыр? Бұл ретте ұлттық бюро мамандары қолдарында даусыз деректері барын жеткізді. Айтуларынша, 2016-2018 жылдары Эльмира Суханбердиева қызметтік лауазымын асыра пайдаланған, пара алып, заңсыз кәсіпкерлікке араласқан.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросымен Білім және ғылым вице-министріне қатысты лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану, пара алу, кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот санкциясы бойынша білім және ғылым вице-министріне қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Тергеу жалғасуда», – дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна БАСТАРОВА.
Эльмира Суханбердиеваның параны қандай көлемде, не үшін және кімнен алғаны ашып айтылмады. ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына қатысты жария етуге жатпайтынын алға тартты. Белгілісі, вице-министр орта кәсіптік білім беретін оқу орындарына техника жеткізу үшін жауапты болған.
Сондай-ақ естеріңізде болса, вице-министрге бұқаралық ақпарат құралдарының назары осыдан екі жыл бұрын да ауған болатын. Экс-министр Ерлан Сағадиевтің кезінде Эльмира Суханбердиева «Болашақ» бағдарламасының степендиаты атанып, шетелге аттануға әзірленген. Алайда, оған грант әділетсіз тағайындалды деп шулады жұрт. Енді келіп сұндай экономикалық былықтың салдарынан Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова қызметінен кетуі мүмкін.
«Себебі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңесте Президент «Егер қоластындағы жұмысшылар экономикалық қылмыспен ұсталса, мемлекеттік орган жетекшілері отставкаға кетуі керек» деген тапсырма берген болатын. Біз қазір осы норманы заңға енгізу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Құжат қазір Парламентте қаралуда», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас БЕКТЕНОВ.
Не де болса, бұл оқиғадан кейін ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова отсавкаға өтініш берсе де, оның кету-кетпеуін Президент шешеді. Ал қызметін тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған, осы уақытқа дейін түрлі төсбелгі мен марапатқа ие болған Эльмира Суханбердиеваның мансабына осымен нүкте қойылары даусыз.