Алатау ауданында жыл басынан бері жеке балабақшаларда 1261 орын пайдалануға берілді. Бұл туралы Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданы тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Бүгінгі күні Алматы қаласында 1-6 жас аралығындағы 41 200 бала кезекте тұр, оның 6 мыңға жуығы Алатау ауданына тиесілі, ал 3-тен 6 жасқа дейінгі 19 125 баланың 3 051-і осы ауданда кезекте тұр», – деді Ерболат Досаев.
Әкімнің айтуынша, ауданда 20 мемлекеттік және 164 жеке меншік мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Сонымен қатар 159 жеке меншік балабақшада 11 674 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған. Ауданда жеке сектормен белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері жеке балабақшаларда 1261 орын пайдалануға берілді. Нұркен шағынауданында 320 орындық және Саялы шағынауданында 160 орындық 2 балабақша салу жоспарда бар.
«Нұркенттегі балабақшаға қатысты біз жобалау-сметалық құжаттаманы әзірледік, алайда мемлекеттік сараптаманың оң нәтижесін алу үшін біз жерді жеке меншік иесінен сатып алуымыз керек. Тиісті қаражатты бюджетке нақтылау кезінде саламыз және 2022 жылдың соңына дейін бүкіл рәсімдерді аяқтаймыз. Келесі жылы құрылысты бастап, жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев.
Айта кетейік, Саялы шағынауданында осы жылдың мамыр айында балабақша құрылысы басталып, 2023 жылдың бірінші жартысында аяқталады. Жалпы ауданында 160 орындық 2 балабақша салу жоспарда бар. Бұл ретте, балабақшалардағы кезекті ескере отырып, 320 орындық 9 балабақша салу қажет.