Қызылордалық мектеп түлегі жасанды интеллектіні қазақша сөйлетті. Жаңашылдыққа жаны құмар автор өз жобасын «QazaqGPT» деп атаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ауыл баласының ашқан жаңалығы ІТ саласындағы алпауыт компаниялардың да таңданысын туғызған. Асылжан жасанды интеллектіні қазақ тілінде сөйлету үшін бағдарламаға 300 мыңнан аса сөз бен 220 миллиардтай ақпарат енгізген. Бүгінде оның бұл жобасына америкалықтар қызығушылық танытып, бірлесіп жұмыс істеуге ниет білдірді.
– «Enactus» атты халықаралық ұйым бар. Рэндел Брюнс деген америкалық азамат жақында бізбен танысып, жобаны өз ұйымына енгізу жайлы ұсыныс айтқан. Біз Лас-Вегаста өтетін GMS атты халықаралық форумға жолдама алуға тырысып жатырмыз. Толық мүмкіндік бар, – деді «QazaqGPT» жобасының авторы Асылжан Абдуллаев.
Білім ордасын биыл бітіретін жас технократқа қазірдің өзінде 3 жоғары оқу орны грант ұсынған. ІТ саласын меңгеріп жүрген Асылжан мақсаты – қазақша жасанды интеллект жобасын жетілдіріп, оны смартфон бағдарламасына енгізу.
– Жобамды Телеграм желісінде интеграцияладық. Бірақ одан бөлек, бағдарлама жасауға жоспар бар. Шамамен алғанда наурызда дайын болады, – деді «QazaqGpt» жобасының авторы Асылжан Абдуллаев.
Өңірде Асылжан секілді ІТ жобаларын әзірлеп жүрген жастар жетерлік. Былтыр облыстық цифрлық технология байқауына 2500-дей жоба ұсынылған. Осындай креативті индустрияға бет бұрған жастарға Сыр өңірінде терең ілім алуға да керемет мүмкіндік қарастырылып отыр.
– Корей елімен Қорқыт ата университеті бірлесіп, жасанды интеллект жоғары мектебін ашуДЫ, Қызылорда балаларды оқытуды жоспарлап отырмыз. Оларды оқыту үшін корей елінен мамандар келеді, – деді Цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулла.
Төрткүл дүниеде технология дәуірі басталды. Заман ағымына қарай қазақ жастары да жасанды интеллект пен креативті индустрияны меңгеруге ынталы. Тек оларға лайықты қолдау болса болғаны.
Асқар Тәжиев, Төрехан Қожахметов, «Алматы телеарнасы» Қызылордадан
Оқи отырыңыз: Алматыда жыл соңына дейін 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылады