Интернетсіз онлайн оқу: Іле ауданында 500 оқушы мектепке неге бармайды

Almaty.tv
Almaty.tv
Қараой ауылдық округінің әкімі мәселенің бақылауда екенін айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысының Іле ауданында 500 оқушы мектепке бара алмай алмай отыр. Оқу жылының үшінші тоқсаны басталысымен мектеп автобусы жүруді тоқтатқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

3-сыныптағы Ернұр сабақ бастала сала осылай терезеге телмірумен болады. Онлайн оқуға ауылда интернет ұстамайды. Ата-анасымен бірге үй-үйді жағалап, бөлме-бөлмені аралап байланыс іздеумен әлек. Мектеп басшылығы автобустың жоқ болғаны себепті сабақты қашықтан оқуға ауыстырған.

– Біріншіден, интернет ұстамайды. Екі балам бастауыш сыныпта оқиды. Оларға дұрыс білім беруі керек. Көбейту, бөлуді өтіп жатыр. Автобус жоқ болғандықтан, үйде отырмыз, – деді Қараой ауылдық округінің тұрғыны Шолпан Қасымова.

Саяжай аумағында тұратын балалар үшін сабақты онлайнға ауыстырғалы үш аптадан асқан. Ата-аналар үй мен мектептің арасы 5 шақырым болатындықтан, оқушылар барып-келе алмайтынын айтады.

– Үшінші аптадан бері автобус жоқ. Жұмыстан сұранып келіп, тасып жүрмін. Екі аусымда оқиды. Үйде интернет ұстамайды. Машинаға, үйге, жерге салық төлейміз. Жаңа автобус беруге болмай ма? – деді Қараой ауылдық округінің тұрғыны Баян Хасенова.

Автобустардың мектеп ауласында осылай қаңтарылып тұрғанына бір айдан асқан. Соның кесірінен мектептегі 700 оқушының жартысынан көбі онлайн оқиды. Ал шалғай жатқан ауылдағы интернет мәселенің хәлі айтпаса да түсінікті. Мектеп басшылығының айтуынша, аула сыртындағы көліктер автобөлшектері болмағандықтан, жүрмей тұр.

Оқу онлайн болады деген директор бүгін телеарна келеді дегенді естігелі «көршісінен» көмек сұраған көрінеді. Жақын маңдағы мектептің автобусын әкеліп, қатынайтын құрал бар дегенді көрсеткісі келсе керек. Көптен бері көлік көрмеген жұрт бірден шу ете қалды.

Ал бұзылып жатқан автобус дәл мектептің іргесінде тұр. Бірақ қаңтарылып тұрған көлікті жөндеп жатқан ешкімді көрмедік. Оқушыларға офлайн оқу ұйымдастыра алмаған мектеп басшылығы автобустың дүйсенбі жөнделетінін айтты.  

– Мектепте 751 оқушы оқиды. Оның 551-і саяжайдан келеді. 200 оқушы жаңа құрылыстан келеді. Қазір Жаңа жыл болғандықтан қаражат әлі бөлінбеді. Автобөлшектер алынғаннан кейін, автобусты жөндейді. Әкімдік те айтты, білім бөлімі де дүйсенбі мәселе шешілетінін айтты, – деді № 50 орта мектептің директоры Шолпан Байтымбетова

Қараой ауылдық округінің әкімі мәселенің бақылауда екенін айтты. Қазір саяжайды ауыл аумағына кіргізу үшін жұмыстар атқарылып жатыр.

– Бас жоспар бекітіліп, қайта қаралыпғ 12 саяжай Қосөзен ауылының аумағына кіргізілді. Аудандық сәулет бөлімі мақұлдаған соң көшені жөндеп, электр жүйесін де шеше аламыз. Бүгінгі таңда мәселеге араласа алмай отырмыз, – деді  Қараой ауылдық округінің әкімі Қайрат Ортыбаев.

Айта кетейік, Қосөзен ауылында әзірге 2 мектеп бар. Ал балаларын 2 апта сабақтан қалдырған ата-аналар мәселенің тезірек шешілгенін қалайды.  

Ұлағат Арғын, Ернат Болатбек «Алматы» телеарнасы  

Оқи отырыңыз: Түрксіб ауданында 6100 орындық төрт мектеп салынады

Новости партнеров