Атырауда оқушылар үш ауысымды мектепте оқуға мәжбүр

Almaty.tv
Almaty.tv
Қала бойынша 3 апатты мектеп бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауда оқушылар үш ауысымды білім беру ұйымдарында оқуға мәжбүр. Себебі №19 мектепте жөндеу жұмыстары уақытында аяқталмады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Дәурен Боранбаевтың екі баласы №19 мектепте оқып келген. Жаңа оқу жылы басталғалы олар қаладағы басқа білім мекемесіне қатынап, оқып жүр. Себебі жөндеуге жабылған мектеп мерзімінде пайдалануға берілмеген.

– Жөндеу жұмысы аяқталмағандықтан, балаларды әр мектепке тасып жүрміз, 45 минут болатын сабақ 30 минутқа қысқарған. Оқушылар қалай білім алады? Үйірме де жоқ. Үш ауысымды мектепте оқуға мәжбүр, – деді  қала тұрғыны Дәурен Боранбаев.

Ал мектеп директорының айтуынша, қазір жөндеу жұмыстарының шамамен 65 пайызы аяқталған. 25 қарашадан бастап оқушылар қайтадан білім беру ұйымында оқи алатын көрінеді. Бірақ ата-аналар күмәнмен қарайды. Ал жауаптылардың айтуынша, жалпы күрделі жөндеу жұмыстарының кешеуілдеуіне мердігер компания кінәлі. Қалалық білім бөлімінің басшысы «қазір мәселе бақылауда. Егер жөндеу бекітілген мерзімде аяқталмаса, мердігер компанияны сотқа береміз» дейді.

– 25 қарашада келісімшарт аяқталады. Егер осы мерзімде мердігер нысанды тапсырмайтын болса, білім беру ұйымы және мектеп әкімшілігі сотқа жүгінетін болады. Ары қарай да сот міндеттерді аяқтауды жүктейді. Дегенмен «мердігер компания келісімшарт мерзіміне дейін аяқтаймыз» деп уәде беріп отыр, – деді білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова.

Қала бойынша 3 апатты мектеп бар. Ал 11 білім беру ұйымы күрделі жөндеуді қажет етеді. 

Ұлағат Арғын, Фархад Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысынан

Оқи отырыңыз: Жайлы мектеп: елімізде қанша білім ордасы салынады

Новости партнеров