Алматыдағы Панфилов көшесі қайта жаңғыртылды

 2000 шаршы метр тас төсендісі ауыстырылып, 130 жаңа көше орындығы орнатылып, балалар алаңы салынды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы Панфилов көшесі жаңа кейіпке еніп, қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы демалыс орнына айналды. Қабанбай батыр мен Жібек жолы қиылысындағы жолақта кешенді жөндеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Панфилов көшесінің кешенді жөндеуден өтуі – қаланың эстетикалық келбетін сақтап, тұрғындардың жайлы ортада демалуына мүмкіндік береді. Жаңғырту аясында 2000 шаршы метр тас төсендісі ауыстырылып, 130 жаңа көше орындығы орнатылды, балалар алаңы салынды. Сондай-ақ 2,6 шақырым жарықтандыру жүйесі толықтай жаңартылды. Ал алматылықтар мұндай өзгерістерге оң бағасын беріп жатыр.

"Панфилов көшесінде керемет жұмыс жасалған. Тұрғындар үшін өте ыңғайлы деп ойлаймын. Балалармен серуендеуге болады", – деді  қала тұрғыны Асқар Адырбеков.

"Арбаттан күнде өтем. Айтарлықтай өзгеріс бар. Біріншіден, жолды кеңейті, серуендеуге қолайлы болды. Екіншіден, кешке үйге қайтқанда көше жап-жарық, шамдар қойылды", – қала тұрғыны Элизат Оразбаева.

"Адамдарға арналған жолдың болғаны дұрыс, өте ыңғайлы. Алматыны жақсы көремін!" – деді қала тұрғыны Бибігүл Дұшпаева.

"Алматыға алғаш келуім. Қатты ұнап жатыр. Қаланың инфрақұрылымы, қызылды-жасылды шамдары мен гүлдерІ көздің жауын алады! Жолдары да әдемі. Келгеніме өкінбеймін, тағы да келемін!" – деді турист Малика Хусеинова.

Мердігерлердің сөзінше, жасыл желекті кеңейтуге ерекше назар аударылды. Атап айтсақ, жасыл аймақ 20 пайызға ұлғайған. Сондай-ақ өсімдіктер еуропалық стандартқа сай отырғызып, алаңға ағаштың сан түрі мен шетелден алынған көшеттер отырзығылды. Жаңарған көшеге 45 ірі тал, 13 мыңнан астам көпжылдық бұта отырғызылып, 6 500 шаршы метр аумаққа жаңа көгал егілді.

"Еуропалық стандарттарға сай жасадық. Біріншіден, көгал отырғызып, күз мезгілі болғандықтан шөпті барынша қоршап, қорғауға тырыстық. Жасыл желекті құстардан, желден сақтау үшін шөпті какао бұршақтарының қабығымен жаптық. Бұл өте сіңімді тыңайтқыш әрі ауа райының қолайсыздығынан сақтайтын өсімдік, әрі иісі өте жағымды", – деді мердігер ұйымның өкілі Маргарита Балакирева.

Жұртшылықта Арбат деп аталып кеткен аумақта бұрын бос жатқан жерде жаңа саяжол бой көтерді. Көпшіліктің сүйікті серуен аймағы әсем гүлзарлар, жаңа ағаш түрлері мен заманауи демалыс аймақтар мен инсталяциялармен толықтырылып, келбеті әсемдене түсті.

Айта кетейік, бұл жоба “Халық қатысатын бюджет" бағдарламасының аясында жүзеге асып отыр.

Әйкерім Пернбек, Хангелді Ахметхан

Оқи отырыңыз: Алматыда 1972 жылы салынған газ құбыры жаңартылуда

Новости партнеров