Израильден эвакуацияланған қазақстандықтар мінген рейс Алматыға қонды

Almaty.tv
Almaty.tv
Әуе кемесінің бортында 166 жолаушы болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Ұшаққа отырып үлгердік». Израильде қалып қойған отандастарымыз елге оралды. Тель-Авивтен мінген 166 адам Алматы әуежайына аман-есен қонды, деп хабарлайы Almaty.tv тілшісі.

Тель-Авивтен Қазақстанға қайтқан ұшақ өз уақытында Алматыға жетті. Израильден оралғандарды күтіп алуға олардың жақын туыстары мен достары да жиналды. Енді қазір елге аман-есен оралған жандардың қуанышында шек жоқ.

Жақындарын күтіп алуға келгендер терминал алдында сағаттап күтіп, жолаушылар шыққан бетте оларды құшақтай жөнелді. Шетелге кеткен туыстарын жылдар бойы көрмегендер де бар.

– Қауіпті аймақтан тезірек шығуды ойладық. Дабыл соғылып, жарылыс болып жатты. Жертөлеге тығылдық. Бұрын-соңды көрмегенді көрдік. Ертесінде құтқару тобы құрылды. Мені қалай тауып алғандарын білмеймін, әйтеуір барлығы жедел ұйымдастырылды. Осылайша отанымызға оралдық, бізді құтқаратынына сендік, – деді Алматы тұрғыны Артур Ковалевский.

Елге оралғандардың сөзінен көбінің зымыран түспеген аймақта болғанын аңғардық. Олар түрлі себеппен Израильге барған. Бірі оқуға, келесісі жұмысқа, тағы бірі демалуды жоспарлаған. Отандастарымызды алып қайтуға ұшақ аттанған күні шетелдік дереккөздерде Тель-Авивке зымырандар ұшырылғаны жазылды. Оны жолаушылар да растады.

– Алла қолдап, уақытында ұшып кеттік, үлгердік. Қызым әуежайға жарылғыш зат тастағанын айтты. Соның ұшқыны Герцелияға тиген, – деді Астана тұрғыны Айгүл Әбдікерімова.

Израильден 166 адам эвакуацияланды. Олардың арасында 124 қазақстандық, 42 шетел азаматы бар. Ұшып келгендердің арасында 2 сәби бар. Шетелдіктердің қай елден екені ашық айтылмады. Көпшілігінің жұбайы не туысында Қазақстан азаматтығы бар көрінеді. Әуе компаниясының өкілдері Тель-Авив әуежайында бірде-бір отандасымыз қалмағанын хабарлады.

– Жолаушылар тізімін біз Израильдегі Қазақстан елшілігіне тапсырдық. Олар тізімді өздері жасаған. Ал біз сол тізім бойынша билеті жоқ азаматтарға билет бердік, – деді Air Astana компаниясының баспасөз хатшысы Тілек Әбдірахимов.

Қазақстанның Израильдегі елшілігінің есебінде 77 адам бар. Одан бөлек, сол елде білім алып жатқан және тағылымдамадан өтіп жүргендер де көп. Сыртқы істер министрлігінің өкілдері бұған дейін Израильде еліміздің 400 адамы, Палестинада 25 отбасы қалғанын мәлімдеген еді.

Оразай Нұртайұлы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Израильдегі 120 қазақстандық елге оралуға өтініш білдірген

Новости партнеров