Ғалия Қайдауылқызы қаза болған жауынгерлердің отбасына көңіл айтты

egemen.kz
egemen.kz
ҚР білім беру ісінің үздігі, Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының академигі қазақ еліне сабыр тіледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алтын арқау» мәдени-этнографиялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы, ҚР білім беру ісінің үздігі, Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының академигі Ғалия Қайдауылқызы бүлікшілердің қолынан қаза болған жауынгерлердің отбасына көңіл айттып, қазақ еліне сабыр тіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Қадірлі қайсар халқым, Еңселі елім, жасампаз жұртым!

Қазіргідей қаралы, жаралы, азалы, қазалы, мазалы күндерде  арандатушылықтан опат болған есіл ерлердің суық хабары еңсемізді езіп, есеңгіретіп тастады.

Жаратқаннан жарылқау тілеп, аласапыранда ажал құшқан боздақтарымыздың боздап қалған жақындарына Алла Тағала сабыр берсін деп көңіл айтып, егіліп отырмыз. Жай отындай жасын ғұмырлы ұландарымыздың жаны жәннатта болсын!

Орны толмас қайғыға ортақпыз.

Басымызға түскен сынақтың ауыры да, соңы да осы болғай деп тілейік.

Жаратушы Тәңір иеміз ойран-топырдан киелі жерімізді қорғасын, бабаларымыздың асқақ рухы қолдасын! Арқалаған ауыр азаптан арылып, азат күнге енді жеткен алты алаштың жігері жасымасын, дұшпанға бас ұрмасын, сырттан келген жаудан, іштен шыққан даудан, достың аласынан, жаттың табасынан сақтасын!

Көк туым төмен түспесің, көкбөрінің ұрпағының өңменінен оқ өтпесін! Ұранды елдің ұрпағы жұдырықтай жұмылып, бүтіннен бөлінбей, белінен бүгілмей, ертеңнен түңілмей, дұшпанға жүгінбей, жауына сес, еліне ес болып еңсесін тіктеуді Жаратқан Алла нәсіп етсін! Ізгі тілектер игі ниетке ұлассын.

Тыныштық дейтін ақ тілегіміз, Тәуелсіздік дейтін нақ тілеуіміз қабыл болсын! Әмин!» – дейді «Алтын арқау» мәдени-этнографиялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы.


Новости партнеров