Нұр-Сұлтан қаласында «Astana Hub» аумағында 5G желісін коммерциялық негізде іске қосу жұмыстары аяқталуда. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанда жаңа технологияларды енгізу бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Президенттің тапсырмасына сәйкес, министрлік Қазақстанда 5G желісін енгізу бойынша жұмыстар атқаруда. Осы орайда, Жол картасы бекітілді. Қазіргі кезде 5G жаңа мобильді байланыс технологиясын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. 5G мобильді байланысының тесттік сынағы Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында өткізілді. Сынақтар жақсы нәтиже көрсетті», - деді А. Жұмағалиев Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.
Оның сөзіне қарағанда, сынақ нәтижесінде телемедицина, өнеркәсіпті, тау-кен өндірісін цифрландыру және «ақылды» қалаларды дамытуға мүмкіндіктер беретіні анықталды. 5G технологиясын енгізу үшін тартылатын инвестициялар көлемі қомақты болғандықтан, бірінші кезеңде бұл технологияны енгізу республикалық маңыздағы қалаларда (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент- авт.) ұйымдастыру жоспарлануда.
«Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Astana Hub» аумағында 5G желісін коммерциялық негізде іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Ол 2020 жылы толықтай іске қосылады. Осылайша, 2021 жылдың аяғына дейін Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев университеті мен ЭКСПО-да, ал 2022 жылы әуежай пен вокзалда, сауда орындары мен алаңдарда 5G технологиясын енгізу жоспарлануда. Одан әрі 2023 жылдан бастап барлық облыс орталықтарында енгізу жұмыстары жүргізіледі», - деді Асқар Жұмағалиев.