Димаш Құдайбергеннің бейнесін брендке айналдырғысы келетін аниматор жобаға қолдау таппай жүр

exk.kz
exk.kz
Қылқалам иесі мультфильмдегі Димаш арқылы ұлттық құндылықтарды әлемге танытуды армандайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандық аниматор Ғали Мырзашев әйгілі әншіні мультфильмінің кейіпкері еткісі келеді. Суретші анимациялық жобасын тоғыз жыл бойы жүзеге асыра алмай жүр, өйткені демеуші жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі exk.kz-ке сілтеме жасап.

Қылқалам иесі мультфильмдегі Димаш арқылы ұлттық құндылықтарды әлемге танытуды армандайды. Дегенмен, әлі күнге осы идеясының елеусіз қалып келе жатқанына қапалы.

"Әлемге көрсетер басыбайлы туындымыздың жоқтығы жанға батады. "Ұлы жібек жолына" қатысты идея осыдан туындады. Мұнда Жібек атты қазақ қызының тағдыры баяндалады. Басты кейіпкерлердің біріне Димаштың бейнесін таңдадым. Ол Жібектің ағасы, әнші кейпінде", — дейді Ғали Мырзашев.

Толық метражды, шытырман оқиғалы анимациялық кино әзірге қиял күйінде қалып келеді. Қолдаудың жоқтығы автордың қолын байлап отыр. Оның үстіне, "идеямды Димаштың өзіне жеткізсем" деген әрекеті де әзірге нәтижесіз екен. Маманның айтуынша, әншінің әкесі Қанат Айтбаевпен тілдесіп көргенімен, ол кісі де мардымды жауап бермеген.

"Қанат "Фейсбук" желісінде достығымда бар. Бірер жыл бұрын жобамды ұсынып көргенімде, "Мұнымен не айтқыңыз келеді? Анығырақ түсіндіріңізші" деді. Жоба эскиздерін мессенджер арқылы жіберіп, ойымды жеткізуге тырысқан болып едім. Анық жауап ала алмадым", — дейді аниматор.

Ол Димаштың Шанхайда тілмашы болып жүрген Думан атты қытайлық азаматпен байланысудың мүмкіндігін тауыпты. Тілмаш автордың ойын құптай жөнеліп, Димаштың мультфильммен бейнебаян түсіру ойы барын, идеясын қоштауы мүмкін екенін айтыпты. Бірақ бұл әңгіме де аяқсыз қалған. Суретші "Димашқа сәлемдемемді жеткізсеңіздер екен" деп, әлеуметтік желілерде де бірнеше мәрте жазба қалдырғанын да жасырмайды. Жалпы, қылқалам шебері Димашты дүние жүзін аузына қаратқан әнші болғаны үшін ғана емес, ұлт руханиятын насихаттаушы ретінде ерекше бағалайтынын айтады.

"Жер-жаһанды қазақ дауысына ұйытып қана қойған жоқ, мәдениетімізді, тіл мен ділімізді танытты. Тұтас мемлекет атқаруы тиіс миссияны жалғыз өзі арқалап жүр. Айрықша ризамын. Аниматор ретіндегі арманым — Димаштың бейнесін брендке айналдыру", — деп ағынан жарылды суретші.

Осы себептен ол тәуір басталған дүниесі тәмамдалмай қалмаса деп тілейді. Ал бұл жоба халықаралық стандартқа сай шығуы үшін қомақты қаражат қажет. Суртеші осы мақсатпен "Қазақфильмге" де, Қазақ фильмін қолдау қорына да жүгініпті. Қалталы азаматтардан да жәрдем сұраған. Бірақ бұл жобасы ешкімнен қолдау таппады. Тіпті жақында "Қазақстан халқына" қорына да осы идеясын ұсынып, инвестиция ретінде қарыз алуға өтініш жолдап көрген екен. Қолын қайтарыпты. Есесіне, кезінде "Жібекке" қытайлықтар қызығушылық танытқан көрінеді.

"Қытайлық анимация студиясының құрылтайшысы мені іздеп келді. Шығынның жартысын өзі өтеуге дайын екенін айтты. Бірақ мен қалған соманы тауып бере алмадым. Кейін олар жобамды сатуымды сұрады. Мән-мазмұнын өзгертіп алмақ екен. Келісім бермедім", — дейді ол.

Жасы алпыстан асқан аниматордың аталмыш туындысынан бөлек "Аттила", "Бейбарыс", "Шыңғыс хан", "Байқоңыр", "Керуен" секілді он шақты жобасы бар. Автордың айтуынша, бұлардың қай-қайсы да — әлем назарына ұсынуға лайықты шығармалар. Тек мемлекет анимациялық киноның қуатты идеологиялық қару екенін әлі күнге түсіне алмай келеді.

"Осыны соңғы демі қалғанша Әмен Қайдаров та айтып өтті. Тыңдайтын бір құлақ табылсашы. Ағамыздың "Қарлығаштың құйрығы неге айыр?" атты туындысына америкалық азаматтың қалай таңданғанын білесіз бе? Шетелдік маман: "Мынау "Диснейден" терең!" деген еді", — дейді Ғали Мырзашев.

Ол өзгенің қаңсығын таңсық көріп, "Қазақфильмде" жасалып жатқан жобалардың неге әлі күнге "Диснейді" қайталайтынына таң. Өзі де сол киностудиядан "реформа керек" деген пікірі үшін жұмыстан шығарылыпты. "Сол қағидамнан танбаймын" деген маман Қазақстан мен басқа елдердегі осы салаға қатысты айырмашылықтарды да жіпке тізіп берді.

"Бізде мультфильмге бөлінетін уақыт та, қаражат та жеткіліксіз. Мысалы, дені дұрыс елдерде 10 минуттық мультфильмге 9-12 ай беріледі. Минуты жобамен 2 млн теңгеге тең. Бізде толық метражды мультфильмге 1 жыл уақыт беріледі. Жүйе де, жанашырлық та жоқ", — деп ашынады тәжірибелі суретші.

Ол өнер, мәдениетке деген немкеттілік жанына бататынын айтады.

"Мәдениет пен спортты бір министрлікке біріктіріп қою деген не сұмдық? Мұны да талай айтым, жаздым, сурет тілімен сықақтап та жеткіздім. Еленбейді. Жалғыз ұсынысым бар: маған анимация киносын берсе, нәтиже әкелемін, ұрпаққа құнды дүниелер қалдырамын", — деп ойын түйіндеді аниматор.

Новости партнеров