СҚО-да балалар арасында көкжөтел ауруы жиіледі

elements.envato.com
elements.envato.com
Ауырғандардың басым бөлігі – Петропавл тұрғындары
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері көкжөтел жұқтырудың 15 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, былтыр бір жылдың ішінде көкжөтелмен 20 адам ауырған.

Биыл үш айдың ішінде дертті жұқтырғандардың дені – 14 жасқа дейінгі балалар. Ауырғандардың басым бөлігі – Петропавл тұрғындары. Қызылжар ауданынан екі бала сырқаттанған.

Көкжөтел ауруының жиілеуі ұжымдық иммунитеттің төмендеуіне байланысты болып отыр. Яғни, дертке қарсы екпе алудан бас тартатындар көбейген.

«Көкжөтел – жедел таралатын, көбіне балалар ауыратын дерт. Десек те, ауруға қарсы өмірлік иммунитет қалыптаспаған жағдайда оны ересектер де жұқтырады. Бактерия науқас жөтелгенде сілекей, қақырық арқылы тарап, кейін тыныс алу органдарында дамиды. Жөтел қысып, ұстама кезінде бала қызарып, одан кейін көгеріп, мойнындағы тамырлары шодырайып, көздері қызарады. Іші өтіп немесе кіші дәреті жиілейді. Тілі сыртқа шығып, көзі жасаурайды. Ауру бір айдан бірнеше айға дейін созылуы мүмкін. Асқынған жағдайда өкпе қабынуы, ми зақымдануы сияқты асқынуларға ұласуы мүмкін», - дейді инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Салтанат Бекқожина.

Маманның айтуынша, көкжөтелден қорғанудың сенімді әдісі – вакцинациялау. Көкжөтелге қарсы екпенің алғашқы дозасы 2 айлық балаға салынып, сосын 3 және 4 айында қайталанады. Сондай-ақ 1, 5 және 6 жаста көкжөтелге қарсы ревакцинациялау жүргізіледі.

Оқи отырыңыз: Биыл бидай алқабы қанша гектарға қысқарды

Новости партнеров