Биыл ақылы жолдан қанша ақша жиналды

Фото: elements.envato.com
Фото: elements.envato.com
Бұл туралы ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев айтып берді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әкімдер әлі күнге дейін өз өңіріндегі жолдың сапасына сараптама жасай алмай отыр. Жергілікті биліктің салғырттығы салдарынан ауылдағы ағайын қырық жамау жолмен қатынауға мәжбүр. Саладағы шаруа шатқаяқтап тұрған аймақтар көшін Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстары бастап тұр. Сапасы сын көтермеген елдімекендегі жолдың мәселесі Үкіметте тағы көтерілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанда жолы ең нашар өңірлер үштігін Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстары бастап тұр. Аймақтарда сапаға қатысты халықтың сыны жыл сайын артып жатқан көрінеді. Биылғы жылдың өзінде 19 мыңнан астам арыз-шағым түскен. Басым бөлігі елдімекендердегі ойдым-ойдым күре жол мен көшелерге қатысты. Бірақ министр Марат Қарабаев «олқылықты реттеуге күш салып жатырмыз» дейді. Көлік министрінің дерегінше, 2030 жылға дейін барлық халықаралық автомобиль дәлізі жаңарады.

– Жол құрылысы жұмыстарының қарқыны келесі жылыда сақталатын болады. 2024 жылы 9 500 шақырым жол бойынша түрлі жұмыс атқару жоспарланған, оның ішінде республикалық желіде – 5 300 шақырым және жергілікті желіде – 4 200 шақырымда тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Нәтижесінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесін республикалық желіде 93%-ға және жергілікті желіде 91%-ға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз, – деді ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев.

Жол сапасының жөнге қойылмай тұрғанына жергілікті биліктің де салғырттығы да әсер етеді. Елдегі әкімдер әлі күнге өз аймағындағы жолдарға сараптама жасай алмайды. Осылай деген Үкімет басшысы бірқатар облыс әкімінің саладағы жұмысына нашар баға берді. Әлихан Смайыловтың айтуынша, жол салуға қыруар қаржы бөлінгенімен, құрылысына келгенде техникалық қадағалау жүргізілмейді.

– Әкімдіктер жергілікті жолдардың сапасына сараптама жасау жұмысын да дұрыс жүргізе алмай отыр. Кейбір өңірлер құрылыс-монтаждау жұмысын техникалық қадағалау тарапынан бақыламайды. Ұзақ жылдар бойы жол саласында шешілмей келген проблеманың бірі – битум тапшылығы. Тапшылықты импорт есебінен жабуға мәжбүр болып отырмыз. Битум бойынша пайдалану технологиясы сақталмайды, – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов

Ал темір тұлпар тізгіншілері де жолдың сапасына наразы. Жүргізушілер Алматы, Қарағанды, Атырауға апаратын жолдардың әлі ретке келмегенін айтады.  

– Алматыдан Өскеменге дейін, Қызылордадан Жезқазғанға қарай баратын жол сапасы нашар. Астанаға апта сайын машинамен келемін, жүріп көрген жолдарды айтып жатырмын. Еуропа-Қытай жолы да сапасыз, – деді Алматы қаласының тұрғыны Нұрғали Көпбосынов.

Қазіргі таңда республикалық жолдардың 3 600 шақырымы жөндеуден өтіп жатыр.  Бүгінде оның 856 шақырымы толық аяқталған. Министр саладағы жұмыс келер жылы да жалғасатынын айтты. Марат Қарабаев 2024 жылы елде тағы қосымша 1 200 шақырымдық автожол ақылы жүйеге енетінін жеткізді.

Айта кетейік, қазіргі ақылы жолдардан соңғы 11 айда қазынаға 26,5 млрд теңге түскен.

Кәмшат Мұхамеджан, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Қазақстанда бірқатар жолдың жөндеу жұмысы бір жылға шегерілді

Новости партнеров