Зейнетақы жинағындағы қаражатты кімдер ала алады? Ол үшін жинақта қанша қаражат болу керек? Бүгін ол туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді. Оның айтуынша, салымшыларға жеткіліктілік шегі белгіленеді. Яғни әр жасқа арналған жиналған ақшасының мөлшеріне қарай беріледі. Сонымен, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін қандай жағдайларда пайдалануға мүмкіндік беріледі? Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбектің бейнаматериалында.
Зейнетақы жинағындағы қаражатты пайдалануға беру туралы шешім шыққалы сан мәрте өзгеріске ұшырап, сынға түсті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің Жолдауынан кейін бұл мәселеге қатысты нүкте қойылған сияқты. Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов кімдер және қанша ақшасын ала алатынын айтты. Жылдар бойы зейнетақы қорында жинаған қаражатты халыққа тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге және қаржы компанияларына басқару үшін аударуға беріледі, деді министр. Сонымен қатар «жеткілікті шегі» белгіленді.
«Жеткіліктік шегі деген не?» және ол қалай есептелетініне тоқталайын. «Жеткіліктілік шегі» белгілі бір жастағы салымшыға зейнетақы жинақтарының ең аз қажетті сомасы дегенді білдіреді. Оның есебіне тоқталсақ, әркімнің өз жасына белгіленеді. Ол азамат зейнет жасына дейін тұрақты түрде жарнаны кемінде ең төменгі жалақыдан аударып отырған жағдайда, зейнетке шыққаннан кейін 82 жасқа дейін ең төменгі зейнетақы мөлшерінде алуға мүмкіндік беретін сома, қаражаттың көлемі. Сол қаражат бар болса, оның асқанын азамат ала алады», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
Министр айтып отырған «жеткіліктілік шегінің» мөлшері жыл сайын есептеліп отырады. Бұл қалыптасқан параметрлер жинақтаушы қорында кірістілікке, инфляцияға қарай және ең төменгі төлем мөлшерінің өзгеруіне байланысты есептелетін болады. Сонымен қатар, «жеткіліктілік шегінің» мөлшері әр жасқа бөлек белгіленеді.
«Мәселен, 20 жастан бастап есептеледі. Алдын ала есептеу бойынша, мысалы, 30 жастағы азамат үшін «жеткіліктілік шегі» 2 млн 518 мың теңгені құрайды. Осы сомадан қалғанын олар жоғарыда көрсетілген қажеттіліктерге қалауы бойынша жұмсай алады. 35 жас үшін - 2 млн 961 мың теңге; 40 жас үшін - 3 млн 437 мың теңге; 45 жас үшін - 3 млн 947 мың теңге; 50 жас үшін - 4 млн. 495 мың теңге; 55 жас үшін - 5 млн 084 мың теңге; 59 және одан үлкен жас үшін 5 млн 586 мың теңге қажет. Бұдан асқан соманы өз еркімен алуға құқылы. Осы «шекті» сомаларға қол жеткізу табысы елдегі орташа айлық жалақы деңгейінде болатын тұрақты жұмыс істейтін азаматтар үшін қолжетімді», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
Министр бұл жолы әйелдер мен ерлер үшін бірдей көрсеткішті белгіледік дейді. Барлығын қосқанда зейнетақы жинақтарының бір бөлігін 721 мыңнан астам қазақстандық пайдалана алады екен.
Асылбек Тойбек