Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаевқа қатысты тергеу жалғасуда. Ол «Бұйырғын» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне 83,7 млн теңге көлемінде инвестициялық субсидияны заңсыз төлеу арқылы бюджет қаражатын ысырап ету фактісі бойынша күдікті деп танылған болатын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Атырау облысы әкімнің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып 2019 жылдың 5 маусымында тағайындалған еді. Ал қағаз жүзінде құс фабрикасына субсидияның бөлінуі 2019 жылдың 26 маусымынан 4 желтоқсанына дейін жүзеге асырылған.
«2019 жылдың 26 маусымы мен 4 желтоқсаны аралығында инвестициялық субсидиялау келісімшартын жасау және инвестициялық субсидияларды төлеуді іске асырған. Бүгінгі күні «Бұйырғын» кооперативі 83,7 миллион теңге көлеміндегі борышты толықтай орнына келтірді. Ешқайда шықпау туралы қолхатпен үйінде жұмысын істеп жатыр», – деді Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ержан Төлек.
Үйқамақтағы шенеунік облыс әкімінің орынбасары болып 2021 жылдың қаңтарында тағайындалған болатын. Ол Ауыл шаруашылығы басқармасына басшы болғанға дейін құжаттар комиссия құрамынан өтіп, рәсімделіп, соңғы межесіне келіп те қойған көрінеді. Аудандардан арнайы келген шаруашылық иелері Нұрлыбаевты айыптаудан арылтуды сұрап отыр. Олар субсидияның бөлінуіне рұқсат берген комиссия құрамын тергеу керек дейді.
«Бұл іс Қайрат Нұрлыбаевқа дейін қаралып, комиссия арқылы белгілі бір субсидия берілу керек деген тұжырымға қолдау болып, ауданнан, органдардың бәрінен рұқсат қағазы алынып қойылған. Яғни, бұл жерде Қайрат Нұрлыбаевқа келген қағаздар субсидия толығымен берілуі керек деген мәселемен келгендіктен қол қойылған», – деді жеке кәсіпкер Нұртас Байжанов.
«Кезінде қателіктер кеткен болар. Бірақ ең бастысы, мемлекетке де, ауыл шаруашылығына да бір тиын зиян келген жоқ. Алған шаруагер өзінің қарызын мемлекетке толық көлемде қайтарып, берешегінен құтылды. Сондықтан әділдік болуы керек сияқты», – деді жеке кәсіпкер Мұрат Сарманов.
Ең бастысы, қаражат ауыл шаруашылығының дамуына бөлініп, өз шығынын қайтарды деген фермерлер Қайрат Нұрлыбаевқа жазықсыз айып тақпауды сұрап, жоғарғы билікке де ақтап алу мақсатында шағым түсіретінін жеткізді. 20 жылдан астам уақытын мемлекеттік қызметке арнаған әкім орынбасарының айыпталуына қарасты тергеу әлі де жалғасуда.
Райымбек Сафиолла, Айбек Байзақ, «Алматы» телеарнасы, Атыраудан