Алматы қаласында өрттен зардап шеккен Қостанай облысының тұрғындары үшін бірнеше күн бойы гуманитарлық көмек жинап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін Алматы қаласы мәслихатының депутаттары гуманитарлық көмекті қалыптастыру жұмыстарын жүзеге асырды.
Акция аясында төтенше жағдайлардан зардап шеккендер үшін қалалық Мәслихат депутаттары жалпы сомасы 15 млн теңгеге 20 тоннадан астам гуманитарлық көмекпен жүк көлігін жіберді. Гуманитарлық көмек тізіміне тез бұзылмайтын өнімдер (ұн, қант, күріш, қарақұмық, макарон өнімдері, өсімдік майы), ауыз су, консервілер (ет/балық), төсек-орын жабдықтары және гигиена құралдары (памперстер, майлықтар және т.б.) кірді.
Қиын жағдайға тап болған әйелдерді әлеуметтік қолдау «Бақытты Отбасы» орталығының тігін цехы арқылы жүзеге асырылды. Жалпы 200 төсек-орын тысы сатып алынды.
Гуманитарлық көмекті жасақтауға Amanat және «Ақ жол», «Қазақстан халық партиясы», «Ауыл» партияларының депутаттары белсенді қатысты.