Дерті ауыр науқас бүлдіршіндерге қолдау білдіретін «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қорының құрылғанына биыл 15 жыл. Осы уақыт аралығында бұл қор арқылы Қазақстан халқы балаларға жалпы сомасы 6,2 миллиард теңгеден астам қаржыға көмек көрсеткен. Бүгінде атқарылған шаруалар бойынша деректі фильм түсіріліп, тұсауы кесілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Перзенттеріне ауыр диагноз қойылып, әбігерге түскен ата-аналар алдымен отандық медицинаның көмегіне жүгінеді. Бірақ дерттің елде емделмейтіні және отаның құны қалтаны қағатын жағдай көп. Осындай кезде «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қоры қолдау білдіреді.
«Шала туған сәбидің ретинопатиясы, 5 кезең» диагнозы еді. Бізге Аружан Саин қоры арқылы Санк-Петербург қаласында 2 рет ота жасалды. Бұл кісілердің арқасында біздің сөніп жатқан үмітіміз қайта жанды», – деді ем алған Жанәлі Пердеханның анасы Жазира Жамбыл.
Бүгінде бұл қордың «Балаларға өмір сыйла» жобасы арқылы елдегі 1981 балаға көмек көрсетіліп, құны 4 миллиард теңгеден асатын 3017 ота жасалған. 15 жылдық жұмыстың нәтижесін халыққа көрсету мақсатында деректі фильм түсіріліп, тұсауы кесілді.
«Біздің қор арқылы науқас балаларға қол ұшын созып, қаржылай қолдау білдірген адамдар жиналған соманың қалай жұмсалатынын білуі керек. Сондықтан жұмысымыздың нәтижесін елге танытқан кино өнеріне, көмектескен көпшілікке алғыс білдіреміз», – деді ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қоғамдық қорының негізін қалаушы Аружан Саин.
Ал кино авторлары бір ай көлемінде деректі фильмге қатысқан 24 кейіпкердің әр алуан тағдырын түгел қамтуға тырысқандарын айтады.
«Фильм қор жұмысының негізгі үш бағытын баяндайды. Атап айтқанда «Балаларға өмір сыйла», «Жетімі жоқ Қазақстан» және «Аутизмді жеңеміз». Әр бағыттың өз кейіпкерлері болды», – деді «Балаларға өмір сыйла» деректі фильмінің продюсері Жұлдыз Шәкірова.
Жалпы 2006 жылы құрылған «Мейірімділік» ерікті қоғамы» арқылы Қазақстан халқы балаларға жалпы сомасы 6,2 миллиард теңгеден астам қаржы жинаған.
Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы