Мегаполистегі шағынаудандардың бірінде тұрғындар ауыз суға зәру

Almaty.tv
Almaty.tv
Шағынаудандағы бір ғана аялдамаға жету үшін тұрғындар бір бағытта 1,5 шақырым жаяу жүруі керек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының құрамына 2015 жылы қосылған шағынауданда су мен кәріз желісі жұмыс істемейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Бұл шағынауданда қоғамдық көлік жетіспейді. Арасы күнұзаққа созылатын 2 автобус Достық даңғылына дейін ғана барады. Тіршілігі таң атпай басталатын тұрғындар мұндағы мыңнан аса адамға қатынас құралын көбейтуді айтты.

– Қоғамдық көлік сағат 7:00-де шығады. Сәл ертерек, таңертең сағат 6:00-де шықса да болады. Екі-ақ автобус жүреді. Бұрылыста тұрғындар тұрады, не оқуына, не жұмысына жете алмайды. Сонда кім кінәлі? – деді қала тұрғыны Сәуле Көлкімбаева.

2015 жылға дейін Талғар ауданына қараған елдімекенге 2021 жылы су мен кәріз жүйесі тартылыпты. Бірақ желі жұмыс істемейді. Соның салдарынан, азаматтар ауыз суға жарымай отыр.

– Ауыз су жоқ. Бәріміз 18-19 литр суды 700 теңгеден сатып алып ішеміз. Ауыз су проблемасы өте көп. Бұл мәселе 1990 жылдан бастап әлі шешілмей келе жатыр, – деді қала тұрғыны Қайрат Төленбаев.

Амалы таусылған жұрт қазір тау суын тартып алған. Бұлақ көзін ашып, қолдан құбыр жүргізіп алғандар бар. Олардың айтуынша, құдықтағы су тым құрығанда, ыдыс жууға жарайды. Бірақ бұлақ басы мал жайылымына айналып үлгеріпті.

Қолда барымен күнелтіп отырған тұрғындардың негізгі бұлағы – осы. Мұнда су жиналып, кейіннен үй-үйлерге тарайды. Ауыз су болмаса да, тірлікке жарап тұрған тіршілік көзі кейде апталап болмай қалатын көрінеді.

Судан бөлек, мұндағы кәріз жүйесі де іске қосылмай тұр. Тұрмыстық қалдықтар өзенге барып құйып жатқандықтан, жағдай алаңдатарлық. Ал жиынға арнайы келген аудандық әкімдік өкілдері бізге мынадай түсінік берді:

– Балқаш су резервуарынан осы Көлсайға дейін магистральдық құбыр салынады. Жұмыс келер айдың ортасында басталады. Жұмыстар біткен соң,  су желтоқсан айында қосылады, – деді Медеу ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы Азат Кәкетаев

Кәріз желісі де су жүйесімен тікелей байланысты болғандықтан, қос жұмыс қатар басталмақ. Ал шағынаудандағы бір ғана аялдамаға жету үшін тұрғындар бір бағытта 1,5 шақырым жаяу жүруі керек.

– Алматы қаласының мобильділік басқармасына тапсырыс бердік.  Биыл күзге дейін 3 аялдама қойылады. Бағытын өзгерту немесе созу ісі әлі белгісіз, – деді Медеу ауданы кәсіпкерлік және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Қуаныш Құрманғалиев.

Аудандық әкімдік өкілдерінің айтуынша, көпке алаң болған кәріз бен су жүйесіндегі мәселе жыл соңына дейін шешіледі. Ал автобус жайы әзірге белгісіз.

Мадина Оқас, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров