Алматыда метроның жаңадан қосылатын екі стансасы және «Батыс» автовокзалының жобасы көрсетілді. Бұл – әзірге техникалық-экономикалық негіздемесі. Ерекшелігі – автовокзалға кірген соң, метроға түсу үшін сыртқа шығудың қажеті жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жерасты көлігі автовокзалдың тура астында орналасады. Қазір құрылысқа қажет жер телімдері анықталып жатыр. Жобаны әзірлеуге отандық және чехиялық сәулетшілер тартылған.
Жалпы, метро құрылысында 100-ден астам маман еңбек етуде. Бұдан бөлек, ЛРТ желісін іске қосу да жоспарланған.
«Жолаушылар автовокзалдағы автобус, метро және ЛРТ арасынан қалағанына мінетін болады. Станциялар ауданды Райымбек даңғылындағы метро бекетінен бастап, Абай даңғылы мен Момышұлы көшесі қиылысында салынып жатқан метро бекеті және Алматы орталығына дейінгі аралықты байланыстырады», – деді «Метропроект» ЖШС жобаның бас инженері Павел МОСКОВЧУК.