Биыл зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жатқан 9 мыңнан астам қызметкер 1 миллиард 700 миллион теңге арнайы әлеуметтік төлем алған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мұндай жағдайда тер төгіп жүргендерге қаржылай көмек беруді Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған еді. Еңбек жағдайы зиянды жұмыстарда істейтін азаматтар 55 жасқа толғанда және олар үшін кемінде 84 ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы төленген кезде арнаулы әлеуметтік төлем алуға құқылы. Еңбек өтілі кемінде 7 жыл болуы керек. Төлем республикалық бюджеттен, жұмыс берушіден, сақтандыру компанияларынан және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленеді.
– Қарағанды өңірінде1,6 мыңнан астам адам арнаулы төлем тағайындауға өтініш білдірді. Сондай-ақ Қостанай Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе, Ақмола облыстарынан өтінім түсті. Арнаулы төлемнің орташа мөлшері 208 мың теңге. Оны алатын жұмысшылар зиянды еңбек жағдайынан зиянсыз түріне ауысуы керек, сонымен бірге арнайы төлемнен басқа, жалақы алады немесе олар жұмыс орнынан кете алады. Бұл төлемдер зейнеткерлік жасқа дейін тағайындалады, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов.
Оқи отырыңыз: Алматыда 9 қабатты жатақхананың құрылысы басталды