Ақтөбеде жөндеуіне миллиондаған қаржы жұмсалған субұрқақтар әлі күнге дейін іске қосылмай тұр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жылда жаз басталысымен саябақтарға сән беретін фонтандардың қазіргі жайы адам аярлық халде. Ішіндегі, сыртындағы тастары қирап, айналасы су емес, шаңнан көрінбейді. Қазынадан қомақты қаржы жұмсалса да, облыс орталығындағы жиырмадан астам субұрқақтың бірде-біреуі іске жарамай тұр.
Бұл – шаһардың дәл ортасында, облыстық әкімдік ғимаратының алдында орналасқан «ән салатын» субұрқақ. Ол 2016 жылы іске қосылған. Кезінде түрлі-түсті шамы жанып, алуан пішін мен мүсінді бейнелейтін фонтанның бүгінгі күйі мүшкіл. Қазір көпшілік қызықтамақ түгілі маңына да жолағысы келмейді. Істен шығып, ішіндегі лай судың жағымсыз иісі бүкіл қалаға тарап жатыр.
Жалғыз бұл емес, қаладағы барлық субұрқақтың жайы осындай. Бір кездері бюджеттің миллиондары жұмсалған нысандар қазір қараусыз, күтімсіз қалған. Әсіресе биылғыдай аптап ыстықта істемей тұрған субұрқақтардың жайы ақтөбеліктерді алаңдатып отыр.
Биыл Ақтөбенің субұрқақсыз қалуына тараздық компания кінәлі болып шықты. Нысандарды қайта жөндеп, іске қосамыз деген мердігер 245 миллион теңге алып, фонтандардың бәрін өткен жылдың соңында бұзған күйі тастап кеткен. Бұған Ақтөбенің қолайсыз ауа райы кедергі болды деп ақталыпты. Жауапсыз мердігердің бұл ісі сотқа дейін жеткен.
«Міндеттерін уақытылы орындамады. Жауапсыздықтары үшін компанияны сотқа бердік. Ал өзге 14 фонтан бойынша бюджеттен қаржы бөлінді. Енді оны жөндейтін мердігер іздеу үшін конкурс жүріп жатыр», – деді Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Серік Дәулетов.
Мердігердің ісі сотта қаралып жатыр. Сондықтан 8 субұрқақтың жөндеуі әзірге тоқтап тұр. Ал 14-ін осы айдың соңына дейін іске қосу үшін жергілікті қазына қаражатынан 25 миллион теңге ақша бөлінді.
Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматы облысындағы жаңадан салынған жолдардың сапасы талапқа сай ма