Алматының Жетісу ауданында 16 гектар аумаққа жаңа саябақ салынбақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айнабұлақ пен Көкмайса ықшамауданды байланыстыратын демалыс орны, скейт зонамен, жаттығу және ойын алаңдарымен қамтылмақ.
2012 жылдан бері «Көкмайса» ықшам ауданында тұрып келе жатқан Гұлнұр бұл аймақтың саябақ жасауға нағыз ыңғайлы мекен екендігін айтады. Мұнда жасыл желек қалың өседі, өзен де бар. Тұрғындар осы маңды қоршап, көріктендіріп, қорғалатын аймаққа айналдырып берсе екен дейді.
«Балаларға саябақ қажет. Басқа жаққа барып қыдырғанша, өзіміздің аулаға жақын жерде жүргені жақсы ғой, әрине. Таза ауа, балалармен кешкі уақытта шығып, серуендегенге не жетсін», – деді Жетісу ауданының тұрғыны Гүлнұр ҚАСЫМОВА.
Тұрғындар әкімдіктен бұл аймақты көріктендіріп беруді біраздан бері өтініп жүр екен. Өйткені, мұнда үй-күйі жоқ кісілер көп жүретіндіктен, бала-шағамен серуендеу ымыртта қауіпті дейді жергілікті халық.
«Қауіпті. Біз тіпті, күндізгі уақытта бұл жерде жүруге қорқамыз. Балаларымыз үшін алаңдаймыз. Бұл маңайда баспанасы жоқ небір адамдар жүреді, арасында маскүнемдері бар. Бір сөзбен айтқанда, лас жер», – деді Жетісу ауданының тұрғыны Мария МИРЗАЕВА.
Өткен аптада Жетісу ауданының әкімі саябақ құрылысының эскиздік жобасына қатысты қоғамдық тыңдалым өткізді. Оған тұрғындар өздері қатысып, ескертулерін айтып, ұсыныстарын білдірген еді. Енді сол жобаға түзетілер еніп, жобалық-сметалық құжаттама дайындалады.
«Қала әкімінің халықпен кездесуі кезінде тұрғындар өздері осы мәселені шешіп беруді өтінген еді. Содан қала әкімі Бақытжан Сағынтаев бізге тапсырма берді. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бюджеттен қаржы бөлуді тапсырды. Осы жылдың шілде айында ол дайын болады», – деді Жетісу ауданының әкімі Мақсат ҚИҚЫМОВ.
Саябақ аймағының құрылысын 2021 жылы бастау жоспарланып отыр. 16 гектар жерге жасалатын сабақ, осылайша 2 ықшам ауданның арасын жалғайды.
«Жобаның әзірленіп бастағаны бізді қатты қуантады. Мұнда барлық жағдай қарастырылайын деп тұр. Бүлдіршіндерге арналған алаң, жасөспірімдерге арналған жаттығу алаңы, скейт парк, футбол, баскетбол алаңдары», – деді Жетісу ауданының тұрғыны Елена САЛИМОВА.
Жетісу ауданында келер жылы тағы бір саябақтың құрылысы басталмақ. Қазір «Кемел» ықшам ауданында орын тебетін демалыс аймағының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.
Сая Меңдеке, Мұрат Тайжан, «Алматы» арнасы