Атырау облысында жыл басынан бері автокөлік жолдары құрылысынан 272 ақау анықталған. Оның 207-сі республикалық тасжолдардан, ал 65-і жергілікті маңыздағы жолдардан табылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жалпы, қаңтар мен қараша аралығында республикалық жолдардың сапасын тексеруге 700-ден астам рейдтік шара ұйымдастырылыпты. Соның нәтижесінде 15 жол-құрылыс материалының мемлекеттік стандартқа сәйкес келмейтіні анықталған. Бұл ақаулар бойынша Атырау облыстық Мемлекеттік сәулет және құрылыс басқармасына 7 ұсыным-хат жолданған.
«Ақаулар бойынша жеке мекемеге 2,5 млн теңге айыппұл салынды. Және екі техникалық қадағалаушы жұмысты салақ қадағалағаны үшін алты айға лицензияларынан айырылды. Жалпы, жолдағы ақаулықтың бір себебі – мамандардың жетіспеуі, яғни білікті мамандардың болмауы және жол құрылыс материалдарының сапасының төмендігінен де, оның ішінде, қиыршық тастардың, битумның және басқа да құрамдардың сапасы стандарттарға сәйкес келмейтіні анықталған», – деді «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК облыстық филиалының директоры Бекбол Мұқашев.