Жамбыл облысында ауырып өлген мал еті емін-еркін сатылып келген. Бұл дерек былтыр 19 тұрғынның сібір жарасын жұқтыруына себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.
Дерт дендеген соң, ветеринария саласын жаппай тексерген құзырлы орган 1400-ге жуық малдың неден өлгені белгісіз деп дабыл қағады. Жуалы ауданында да 500 бас ірі қара лейкозбен ауырған. Бірақ соған қарамастан, елдімекенде карантиндік шаралар қолға алынбаған. Қазір аймақтағы прокурорлар жауапты мекеме басшылығына қызметтік тексеріс бастады. Аталғандардан бөлек, зертханалық рұқсаттама құжатынсыз 5 жыл бойы жұмыс істеп келген 2 цех та бақылауға алынды. Ақпар үшін айтайық, Жамбыл облысындағы эпизоотиялық ахуалды жақсарту үшін соңғы 3 жылда 6,8 млрд теңге бөлінген еді. Дегенмен прокуратура өкілдері бөлінген қаржыға нәтиже сай емес деп баға берді.
– Тексеріс нәтижесімен 5 тұлғаға қатысты әкімшілік жауапкершілік шарасы қолданылып, 10-нан аса лауазымды тұлға тәртіпті жауапкершілікке тартылды. Ветеринарлық бақылау комитетіне прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, зертханалық лаборатория басшысына сөгіс жарияланды. Ветеринариялық инспекциясы басшысына қатысты қызметтік тексеріс жүргізілуде, – деді Мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының орынбасары Сағынтай Айтжанов.
Оқи отырыңыз: Бақытжан Байжанов өзіне тағылған айыппен келіспейді