Атырауда жағдайдан бейхабар әкім жалған ақпарат берген

Almaty.tv
Almaty.tv
Атырау іргесіндегі Жұлдыз-3 ауылының тұрғындары сусыз, жарықсыз күн кешіп келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау іргесіндегі Жұлдыз-3 ауылының тұрғындары бірнеше жылдан бері сусыз, жарықсыз күн кешіп келеді. Қараңғылық құшағында қалған олар «техникамыздың сау-тамтығы қалмады» деп наразылық білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жұлдыз-3 ауылының тұрғындары соңғы 2 жылда су мен жарыққа жарымай келеді. Олар «бір жанып, бір сөнетін электр энергиясының кесірінен несиеге алған бүкіл техника күйді» деп шағым айтты. Ал орнатылған трансформаторлар әбден ескірген, бірнеше рет өрт те болған.  

– Жарық жиі өшеді. Көп техника күйіп, істен шықты. Тұрғындар тиісті мекемеге барып, арыз жазған. Трансформатор жөнделмеген, – деді Жұлдыз-3 ауылының тұрғыны Жұмахмет Әбілқариев.

Тұрғындарды тұқыртқан тағы бір мәселе – ауыз су. Халық тіршілік нәрін сатып алуға мәжбүр. Бұған дейін 19 литр суды 350 -400 теңгеге сатып алған. Судың тапшы екенін білген кейбір кәсіпкерлер бағаны екі есе өсіріп жібергенін көрінеді.

– 19 литр суды 300 теңгеге сатып алып жүрміз. Су жоқ болса, дүкенде 1200 теңгеге сатып аламыз. Аспандағы айды сұрап тұрған жоқпыз. Күнделікті өмірімізге қажетті коммуналдық қызметтің сапасын жақсартуды сұрап отырмыз, – деді Жұлдыз-3 ауылының тұрғыны Масрипа Есенғалиева.

– Суды сатып аласың, кейде дүкенде болмай қалады. Шындықты айтып, жалықтық, – деді Жұлдыз-3 ауылының тұрғыны Жамиғаш Сапашова.

Бұқара базынасын тыңдауға келген округ әкімі жұрттың жанайқайымен келіспейді. Атқамінердің айтуынша, ауылда барлық инфрақұрылым толығымен жасалған.

– Инфақұрылымы толық тартылды. Қала теңгеріміндегі трансформаторды «Атырау Жарық» келісімшарт бойынша жөндеп жатыр. Авариялық жағдайда өшсе, дер кезінде қосып отыр. Ешқандай өзекті мәселе жоқ. Тұрғындар бақшаны суарған кезде су болмай қалады, – деді Қайыршақты ауылдық округінің әкімі Шафхат Қалиев.

3000-нан аса тұрғыны бар жұлдыздықтар ауыл әкімінің сылбыр жұмысына көңілі толмайтынын ашық айтты. Ал жалған есеп беріп, жағдайдан бейхабар болған әкім әзірге нақты атқарар істі ашып айтпады.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы

Оқи отырыңыз: Алакөлде зардап шеккен Баян Мамышеваның туыстары көпшіліктен көмек сұрайды

Новости партнеров