Смайылов әкімдерге газ-техникалық инспекциясының өкілеттігін кеңейтуді тапсырды

Almaty.tv
Almaty.tv
Министр келтірген дерек бойынша, биыл тұрғын үй өртінен 203 адам қайтыс болған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елде жылыту маусымы басталмай жатып тұрғын үй секторында өрт жиілеген. Соңғы бір айда 4 рет газ жарылысы тіркеліпті. Айтып келмейтін апат 3 адамның өмірін жалмаған. Тағы 12 адам ауыр дене жарақатын алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жеке тұрғын үй секторындағы өрт өрши түскен. Биыл көрсеткіш 14 пайызға, ал қаза тапқандар саны 10 пайызға өскен. 

Айтып келмейтін апат жиіліген өңірлер үштігін Абай, Алматы, Жамбыл облыстары бастап тұр. Бір ғана Алматы облысында өткен айда 4 рет газ жарылысы тіркелген. Ал соңғы 9 айда 72 оқыс жағдай болған. Соның салдарынан 17 адамның өмірі қиылды, 119 адам дене жарақатын алған. Жарылыс газ баллондарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талабын сақтамағандықтан болған.

– Жылу беру маусымындағы проблемалардың бірі – тұрмыстық газды пайдаланған кезде туындайтын төтенше жағдайдың алдын алу. Өңірлерде газ жабдықтарын пайдалану талабы сақталмайды. Бақылайтын білікті мамандар жетіспейді, – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов.

Министр келтірген дерек бойынша, биыл тұрғын үй өртінен 203 адам қайтыс болған. 200-ге жуық адамды күйік шалған. Сырым Шәріпханов «оқыс оқиға жылыту маусымында арта бастайды» деді. Әсіресе жергілікті жердегі орталық жылыту жүйесіне қосылмаған әлеуметтік нысандарда қауіп жоғары.

– Газ құрылғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау функциясы әкімдіктерге жүктелген. Өңірлерде газ-техникалық инспекциялары құрылған. Алайда олар әлі күнге дейін жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыра алмай отыр. Бұл салада білікті мамандар мен қажетті жабдықтар жетіспейді, – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Өрт қауіпсіздік талабын сақтау ісінде өңірлердегі жұмыс көңіл көншітпейді. Үкімет басшысы жауаптылардың салғырттығын сынға алды. Абай, Шығыс Қазақстан, Алматы облысы әкімдері бірінен соң бірі баяндама жасады. Аймақтағы апаттың шығу себебіне тоқталып, түсініктеме берді. Сөз соңында Әлихан Смайылов әкімдерге газ-техникалық инспекциялардың өкілеттігін кеңейту және оларды қамтамасыз етуге пәрмен берді.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда әлеуметтік нысандарға жылу беру басталды

Новости партнеров