Сағадат Нұрмағамбетов-100: сарбаздар ант қабылдады

Almaty.tv
Almaty.tv
Жауынгерлердің бәрі Түркістан облысынан шақырылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақ армиясының еңсесін тік түзеген тұңғыш қорғаныс министрі, Кеңес одағы батырының 100 жылдығы құрлық әскерлерінің ресми ант қабылдауымен тұспа-тұс келді. Сағадат Нұрмағамбетов атындағы институттың «Әли» оқу-жаттығу алаңында көктемде қабылданған 46 сарбаз салтанатты түрде Отанға адал қызмет етуге ант етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сондай-ақ батырдың есімін алған білім ордасының толық құрамы мен оқу-жаттығу орталығының басшылығы халық қаһарманының ескерткішіне гүл шоғын қойып, құрмет білдірді.

– Құрлық әскерлерінің әскери институты халық қаһарманымыздың атына ие. Бүгінгі іс-шарада институтымыздың барлық жеке құрамы қатысты. Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткішіне гүл шоғын қойып, еске алдық. Құрлық әскерлері әскери институтының оқу орталығында жас сарбаздар әскери ант қабылдады, – деді С. Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институты бастығының орынбасары Мырзағали Дарбишев.

Айтулы күнге орай жауынгерлер саптық алаңда салтанатты маршпен жүріп өтті. «Отан алдында ресми ант қабылдау бен аңыз тұлғаның ғасырлық мерейтойы бір күнде өтіп жатқаны үлкен мәртебе» деген жас сарбаздар ерекше сезімін білдірді.

Айта кетейік, бұл жолы жауынгерлердің бәрі Түркістан облысынан шақырылған.

– Құрлық әскерлерінің қатарында болғым келді. Бала кезден әскери адам болуды армандадым, өз еркіммен келіп,  қызметімді өтеп жатырмын, – деді қатардағы жауынгер Қанат Жорабек.

Оқи отырыңыз: Алматыда Сағадат Нұрмағамбетовты еске алды

Новости партнеров