Ауру тарауы мүмкін: Маңғыстаудағы Басқұдық тұрғындары қоқысқа көміліп отыр

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv
Шағым айтқан жұрт әділдік іздейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстаудағы Басқұдық ауылының тұрғындары үш аптадан бері шығарылмай жатқан қоқысқа қатысты редакциямызға қоңырау шалды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Ауылдық азаматтар әр жерде тау-тау боп үйіліп жатқан лас заттардан ауру тарауы мүмкін деп алаңдайды. Ал ауыл әкімінің орынбасары бұл мәселені тұрғындардың өздері қолдан жасап отыр деп санайды.

Шағым айтқан көпшілік мәселемізге мән берер атқамінер табыла ма деп, ауылдың орталығына жиналды. Ел сөзі - елді мекендегі қоқыстың уақытылы тазартылмауы. Өзіміз де байқадық, әр жерде шашылып жатқан заттардан көз сүрінеді. Қоқыс жәшігі тіптен жоқ. Ал тұрғындар жиналған тұрмыстық қалдықтарды есік алдына шығарып қоятын көрінеді. Тазалық мекемесі болса, бұған дейін аптасына бір рет көше-көшені аралап, жағдайды реттеп келген. Алайда соңғы бір айда тиісті жұмыс атқарылмапты.

- Екі жақтың бәрі шіріп жатқан, іріп жатыр, иістен тыныстау мүмкін емес. Жаздыгүні қандай болатынын өздеріңіз білесіздер. Оны көріп жатқан әкім жоқ. Маңдайларындағылар да қарамайды. Неге халықтың қамын ойламайды?,- дейді Басқұдық ауылының тұрғыны Гүлжан Әубәкірова.

- Уақытында қоқысты шығармайды. Алдымен сабыр сақтап күтеміз, кейін қоңырау шаламыз. Қоқысты неге алмай жатырсыз десек, машина жетіспей жатыр дейді. Күніне 1 рет көшенің басын жинап кетеді. Көшеге кіруге машина жетіспейді дейді. Кеше телефон соққанда, тендерден қоқыс шығаратын бір мекеме ұтты деді. Ол ұтып алған мекемесінің машинасы жоқ екен. Тек қағаз жүзінде ұтып алған. Сонда халықтың қамын кім ойлайды? Қоқыстың арасында ит те жүр, бала да жүр, - дейді Басқұдық ауылының тұрғыны Бақтыгүл Қарабаева.

Ал әкім орынбасарының айтуынша тұрғындар тазалық мекемесімен келісімшартқа отырмай, қоқысты көшеге тастайтын көрінеді. Бұдан бөлек, кейбір азаматтар қарапайым қызмет түрінің ақысын да төлемейді. Соның салдарынан, осындай мәселе туындайды. Ал қоқыс тазалайтын техника жеткілікті, бірақ жұмысшы жоқтың қасы.

- Мысалы, мына жерде көріп отырғаныңыздай, қоқысты адамдардың өздері тастайды. Бізде келісімшарт бойынша аптасына бір рет алады. Ал көп тұрғындар келісімшартқа отырмау мақсатында және ақша төлемеу үшін үйіндегі қоқысты есік алдына шығармайды, мына жерге әкеліп тастайды. Мысалы көлікпен келіп, заңсыз осы орынға тастап кетеді, - дейді Басқұдық ауылы әкімінің орынбасары Мақсат Алиғұлов.

Айта кетейік, былтыр белгіленбеген орынға қоқыс төгіп, жабайы полигонды қолдан ұйымдастарғандарға қатысты 300-ге жуық әкімшілік айыппұл салынған. Жергілікті билік мұндай күресті биыл да жалғастыра береміз дейді.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрболатұлы, Маңғыстау облысы, "Алматы" телеарнасы.

Оқи отырыңыз: Қостанайда сібір жарасы анықталды

Новости партнеров