Қайғылы оқиға Қызылжар ауданы Надежка ауылында болған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Екі күн бұрын отбасы мүшелері кешкі асқа тез дайындалатын тағам түрлерін сатып алған. Сол түні барлығы ауырып, өзін нашар сезінген. Атасының айтуынша, 3 жасар Василий өлі күйде табылған, ал қалғандары қаладағы ауруханаға жеткізілген. 6 жастағы Алиса емханада қайтыс болған.
Қазір дәрігерлер анасы мен үлкен баласының өмірін сақтап қалуы үшін күш салып жатыр. Денсаулық сақтау басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, қайғылы оқиғаға тағамдық уытты инфекция себеп болуы мүмкін.
- 2017 жылы туған баланы емдеу жалғасып жатыр. Жаңа ғана медициналық бөлімше директорының орынбасарымен сөйлестім, әзірге жағдайы ауыр, бірқалыпты. Анасы да ауыр жағдайда түсті. Ол бірінші қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы жақсарып қалды, - деді Денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Раиса Құсайынова.
Қайтыс болған балалардың ең кішісі ауылдағы шағын білім беру орталығына баратын, ал марқұм қыз бірінші сыныпты енді ғана бітірген. Бесінші сыныпқа өткен үлкен баланың жағдайы ауыр болып тұр. Мектеп директорының айтуынша, бұл отбасы елдімекендегі үлгілі жанұялардың бірі. Балалар сабақтан бөлек, мектеп іс-шараларына белсенді қатысып келген. Қазір зардап шеккендер азық-түлік алған дүкен жабық тұр. Ал сатылған өнімнің жарамдылық мерзімі мен құрамы туралы ақпарат әлі жоқ. Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бүкіл отбасының улануына нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз. Марқұмдарды жер қойнына тапсыру рәсімі 15 маусымда өткізілмек
- Аталған факті абайсызда 2 немесе одан да көп адамның жаппай улануына және өліміне әкеп соққан санитарлық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің біріңғай тізіміне енгізілді, - дейді Полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары Азат Құсайынов.
Оқи отырыңыз:Шымкентте жол апатына ұшыраған жасөспірімдер қатары артты