Алматы облысына қарасты Бесағаш ауылының тұрғындары ауыз суға зәру, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бесағашта ауыз су басты мәселеге айналған. Өйткені 30 мыңға жуық тұрғыны бар ауылда бірнеше жылдан бері таза тіршілік нәрі жоқ. Бар болса да, уақытпен беріледі. Ауыл халқы «әкімдік өкілдері мен арнайы мамандар кездесуге бірнеше мәрте келсе де, проблема шешілер емес, тек құрғақ уәдеге тойдырып келеді» дейді. Сондықтан ауыл тұрғындары суды сатып алуға мәжбүр.
– Су таңертең және кешке 2 сағатқа беріледі. Бізге жеткенше таусылып қалады. Біз сатып аламыз, – деді Бесағаш ауылының тұрғыны Модангүл Тұрсынова.
– Су мәселесі қанша жылдан бері көтеріліп келеді. Бірақ ешкім шешпейді, – деді Бесағаш ауылының тұрғыны Талдыбай Әбдіқапаров.
Ауыл азаматтарына ауыз су жетпегендіктен, жергілікті билік жақында жаңа құдық орнатқан. Бірақ ол істен шығыпты. Ал көпшілік құдықты қайта іске қосып беруді сұрайды. Бірақ жауаптылар әзірге құрғақ сөзбен ғана құтылып келеді.
– Құдық бір-ақ күн істеді. Екі ай су бармаған көшелерге су жетті. Барлығымыз қуанып қалдық. Ал екінші күні құрылғы істен шықты. Бір ай өтті, су жоқ, – деді Бесағаш ауылының тұрғыны Айман Сәбденова.
Ал суға жауаптылар аталған мәселеге қатысты ауыл халқына түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін айтты. Әкімдіктегілер «құдықтағы істен шыққан қондырғы қайта қалыпқа келеді, ол үшін сәл күту керек» дейді.
– Халықпен кездестік. Үш аптаның ішінде жөндеп береміз, – деді Талғар аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы Шаттық Әділов.
Жергілікті билік өкілдері «келесі жылы ауылдағы құбырдың барлығына жөндеу жүргізіп, ауыз су жүйесін ретке келтіреміз» деп уәде етті. Құрылыс жұмыстары да әкімдіктің тікелей бақылауында болмақ.
Дәурен Доғдырбай, Рашидин якупов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Таразда газ бекеттері жанжал орнына айналды