Балық шаруашылығы: Неге Қазақстан Өзбекстаннан артта қалды

inbusiness.kz
inbusiness.kz
Үкімет отырысында жекешелендіру мәселесі де көтерілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстаннан су көздері аз Өзбекстанда балық шаруашылығы қатты дамыған. Суға бай біздің елде аталған сала ақсаңдап тұр. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Экология министрін бүгін сынға алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үкімет отырысы 40 минутқа ғана созылды. «Елімізде 10 айдың ішінде 14 мың тоннадан астам балық өсірілді» деп есеп берген Экология министрі Серікқали Брекешов Үкімет басшысынан сөз естіді. Әлихан Смайылов Өзбекстанды тілге тиек ете отырып, су қоры аз болса да, балық шаруашылығы жақсы дамығанын айтты.

«Олардың балықты жыл бойы өсіруге мүмкіндігі бар. Біз сияқты көлемде табиғи су айдындарынан балық ауламайды. Сонымен бірге Өзбекстанда акваөсіру арнайы заңы қабылданған. Қазақстанда заң жобасы әзірленді», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов.

Үкімет отырысында жекешелендіру мәселесі де көтерілді. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев құны 86 миллиард теңгеден асатын 36 нысан бәсекелес ортаға берілгенін айтты. Тағы 146 нысан сауда-саттықта тұр екен. Ал Экономика министрі Әлібек Қуантыров жекешелендірудің жаңа екі критерийі енгізілгенін мәлімдеді.

«Кәсіпкерлердің жекешелендіру нысанын таңдау құқығы бекітілді. Нысан жеке бастама болған жағдайда сатылуы мүмкін. Бұл ретте жекешелендіру кезінде мемлекет мүддесін сақтау мақсатында стратегиялық ұйымдардағы, мәселен, «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», «QazaqGaz» және тағы да басқа компанияларында, бақылау үлесін сақтау, сатып алу-сату шартын жасасқанға дейін қызметкерлер штатын қысқартпау ережелері көзделген», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Ал еліміздегі 7 өңір жекешелендіру жоспарын орындай алмай отыр екен. Сондай-ақ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары көзделген көрсеткішке сәйкес дер негізінде нысандарды сатуға шығарып үлгермеген. Қаржы министрінің ақпарына сай, ең төменгі көрсеткіштер Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында, «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында байқалады.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астана




Новости партнеров