Алматы облысындағы Жібек жолы ауылының тұрғындары тозығы жеткен жолды жамап, күн көріп отыр. «Ес білгелі жөнді асфальт көрмедік» деген халық тас-талқаны шығып жатқан көшелермен жедел жәрдем көлігі өте алмайтынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жолдың жайын жүрген біледі. Жібек жолы ауылының тұрғындары жауыр болған мәселені 10 жылдан бері айтп келеді. Жүруге жарамсыз жолдың зардабын егде жастағы кісілер мен мектеп оқушылары тартып отыр. Олардың айтуынша, күні кеше шұңқырға түспеудің қамын жасап, рөлді басқа бағытқа бұруға мәжбүр болған жүргізуші жас жеткіншекті қағып кеткен. Мұндай жағдай ауылда жиі болып тұратын көрінеді. Қыста тайып жығылып, көктемде балшыққа бататын тұрғындар наразылығын білдірді.
– Халық әбден жанына батқаннан кейін жиналып жатыр. Жаңбыр жауса жүру мүмкін емес, қыста тайғақта талай адам қол-аяғын сындырып, ауруханаға түсті. Халықтың ашу-ызасы шегіне жетті. Кішкентай баланы осы жол айырығында қағып кеткен, – деді Жібек жолы ауылының тұрғыны Базарбай Темірбаев.
– Жаяу жүргіншілерге қиын, бірақ көлік жүргізушілерге тіпті қиын. Ұлым 5-сыныпта оқиды. Аяқтан басына дейін балшық боп келеді, аптасына үш шалбар алуға тура келеді, – деді Жібек жолы ауылының тұрғыны Света Режепова.
Ауыл көшелері мүлде жөндеу көрмеген. Орталық көшенің өзіне «Ордабасы» деп ат берілгелі бір жыл ғана болған. Алайда жедел жәрдемде науқастың үйін таппай, үнемі кешігіп келеді. Соның салдарынан ауыл тұрғыны Саламат Бекжанов жұбайының өмірін сақтай алмапты.
– Амал жоқ, алдынан шығып, жедел жәрдемге өзіміз жәрдем көрсетеміз. Жол нашар. Жарты сағат ете келгенде әйелім аман қалар ме еді? Балшықта жүру мүмкін емес, – деді Жібек жолы ауылының тұрғыны Саламат Бекжанов.
Ауыл тұрғындары асфальт жабындысын аңсап, билікке қанша шағымданса да, мардымды жауап ала алмаған көрінеді. Жергілікті әкімдік өкілдері тілшілерді 3 сағат күттіріп, халық алдына келді.
– Жол төсеу жұмыстары жазда басталады, қыркүйекте аяқталуы тиіс, – деді Жібек жолы ауылдық округі әкімінің уақытша міндетін атқарушы Дәулетжан Деменбаев.
Жібек жолы ауылдық округінің 40 мыңнан астам тұрғыны сарыла күткен сапалы жол жаңа оқу жылына дейін салынуы тиіс. Ал жарық мәселесін шенділер енді қарауына алмақ.
Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы, Алматы облысы
Оқи отырыңыз: Мектеп жабылады: Жетісу облысының тұрғындары наразы