Еңкейіп өтеміз. Алматы облысының Іле ауданына қарасты елдімекенде елу отбасы аласа жүргізілген құбырдың салдарынан жолдан өте алмай жүр.
Бұл бейнжазба желіге жүктелгелі, жұрттың таңданысын тудырып қызу талқыға түсті. Іле ауданына қарасты Ардагер-Ветеран саяжайында орналасқан бұл көшеде, көгілдір отын өтетін құбырдың аласа екені анық көрінеді.
– Еңкейіп өтеміз. Тиісті компанияға барып, ескерттік. Қайта жөндеу үшін 1 миллион сұрады. Өрт болған жағдайды, барлық үй бір секундта жанып кетеді ғой, – деді саяжай тұрғыны Мадина Қыдырбаева.
– Құбырды қайта жөндеу жобада көрсетілмегендіктен, жасамайтынын айтты. Менің жасым 65-тен асқан. Менен басқа да зейнеткер көп. Кішкентай балалар бар, – деді саяжай тұрғыны Раушангүл Айшуақова.
Ал ауылға алғаш қоныс тіккен тұрғындардың бірі жерді сатып алмас бұрын, құбыр тартылғанын айтып отыр. Алайда адам саны көбейген соң жауапты компанияға барып, жауап ала алмапты.
– Ең бірінші үй салдым. Ол кезде газ құбыры тартылған. Газды өшіріп, арка жасау үшін 1 миллион теңге сұрады, – деді саяжай тұрғыны Мақсат Қойшыбеков.
Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі «саяжай тұрғындарының түйткіліне тікелей араласа алмаймыз» деп қысқа қайырды. Бірақ аласа жүргізілген газ құбырының қауіпті екенін растайды. Сондықтан шағым түссе реттейтінін айтып, сендірді.
– Тұрғындардан ешқандай шағым түскен жоқ. Айта кететіні ол 2011 жылы газ құбыры жасалған, 2014 жылы жер учаскелері тартылған. Содан бері ешкімнен шағым түспеген. Мен жергілікті билік ретінде «газ құбыры қауіпсіз» деп айта алмаймын. Маман емеспін, тиісті мекемеге хат жолданды, – деді Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі Жасұлан Оңалбаев.
Аталған аймаққа газ құбырларын тартумен айланысатын серіктестіктің де кеңсесіне бас сұқтық. Ондағы мамандар ақысын төлесе көтеріп, жасап бере алатынын айтты.
– Иә! Халық өтініш беруі керек. Содан соң барып, шығынды есептейміз. Мүмкін 150 мың болады. Бірақ «ҚазТрансГаз» газды өшіру құнын өзі есептейді, – деді газ құбырын орнату компаниясының маманы Дәулетбай Ержанов.
Биіктігі 1м 30 см болатын құбыр ауылдан жарты шақырым жерге дейін тартылған. Тіпті, кейбір жерлерде жердің астымен де өткізген екен. Ал аласа құбырды биіктету үшін көше тұрғындарының бірі қалмай арыз жазуы керек.
Әлібек Шынтемір, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Жарықтың «жыры»: Көлащы ауылы тұрғындарының өміріне қауіп төніп тұр