Бізге сабыр мен сенім серік болғай – Рахман Алшанов

Бізге сабыр мен сенім серік болғай – Рахман Алшанов
Жаңалықтармен бөлісіңіз

9 маусым күні елімізде ҚР Президент сайлауы өткен соң Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында нәтижеге көңілі толмаған халық түрлі митингтер мен шерулерге шыға бастады. Орталық сайлау комиссиясында Ішкі істер министрлігі секілді құзырлы органдардың берген мәліметіне сүйенсек, жалпы Қазақстан бойынша шеруге шығып, ұсталғандардың саны мыңға жуықтаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Осы тұста ел бірлігі мен тұтастығына алаңдаушылық танытқан ұлт зиялылары жұртты сабырға шақырып, осындай дүрбелең туғызған жағдайларға байланысты мәлімдемелер жасай бастады. Солардың бірі – Алматы қалалық мәслихатының депутаты, ғалым-профессор, «Тұран» университетінің ректоры Рахман АЛШАНОВ.

«Жер бетінде мінсіз мемлекет жоқ. Қоғам болған соң, бізде де проблема бар. Бірақ оны митингпен шешеміз деу дұрыс емес. Себебі әлемде соғыстан көз ашпай отырған, балалары әріп те танымайтын елдер қаншама. Ал біздің тәуелсіз Қазақстанда халықтың әлеуметтік жағдайы әрқашан бірінші кезекте тұрады»– деген ғалым Алматыда соңғы кездері көпбалалы аналарға пәтер беру, балаларын жеңілдікпен балабақшаға орналастыру секілді тағы да басқа жасалып жатқан көптеген жағдайларды мысалға келтірді.  

«Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы көтерілді. Кәсіп ашқысы келетін жастар да түрлі грантқа қол жеткізуде. Дипломым жоқ деген қыз-жігіттердің өзі түрлі кәсіби, жұмысшы  мамандықтарына тегін оқытылуда. Мәселен, біздің университетте оқуын да оқып, қосымша жұмыс көзін де тауып, өз-өзін асырап жүрген жастар көп. Баяғыда біз де ауылдан келген, ештеңеміз жоқ студент болғанбыз. Ата-анамыздан да ақша сұрамай, салмақ салғымыз келмей, әйтеуір тіршілік еттік. Қазір сол кездегі қиындықтарды қалай еңсергенбіз деп таңқаламын» – деді Алматы қалалық мәслихатының депутаты, ғалым-профессор Рахман Алшанов.

Митингке шыққан көпшілікті бәлкім әлдекімдер ақша береміз деп үгіттеп, біздің береке-бірлігімізді ыдыратқысы келіп әдейі шығарып отырған болар деген ғалым осы тұста мемлекеттің ішкі тұрақтылығын бұзуға ешкімнің құқы жоқ екенін атап өтті.

«Бұл келеңсіз жағдайды кеше Нұр-Сұлтан қаласында Президентті ұлықтау рәсімінде болғанда естідім. Естуімше, көшеге шыққандардың кейбірі қызу сияқты, қолдарына ұстаған әлдебір заттары бар көрінеді. Сол затпен абайсызда біреуді жазым етіп алсаң, өмірің не болады, соны ойлау керек қой?.. Біреулердің айтағына еремін деп жүргенде, ертеңгі күні «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылыптының» кері болмасына кім кепіл», – деді ол.

Бұл жайды кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ескеріп, «алаңға білместікпен шыққан адамдар болса, ұстамаңдар, босатыңдар» деген тапсырма бергенін баршамыз білеміз. Шынымен де митингке шыққандардың арасында дүрмекке еріп, мәселенің байыбына да бармай, өзінің кімге қарсы, не үшін жүргенін білмейтіндер де бар болып шықты.  

«Біз жаңа өзгерістерге келе жатырмыз. Соны көре білейік. Үкімет қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді кезең-кезеңімен шешуде. Бізге не нәрсеге де сабыр, талғам деген таразы және жақсы күндерге деген сенім керек», – деп аяқтады сөзін Алматы қалалық мәслихатының депутаты, ғалым-профессор, «Тұран» университетінің ректоры Рахман АЛШАНОВ.

Новости партнеров