Сәтбаев қаласы қоқыстың астында қалды

Almaty.tv
Almaty.tv
Мәселенің қалай шешілері әзірге белгісіз
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сәтбаев қаласының тұрғындары қоқыстың қақ ортасында өмір сүріп жатыр. Олардың айтуынша тазалыққа жауапты мердігерлер міндетін дұрыс атқармайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көпқабатты тұрғын үй маңын қарасаңыз да, арнайы қоқыс орнына барсаңыз да жағдай – осы. Тұрмыстық қалдық жан-жақта шашылып, иісі қолқаны қабады. Ал азаматтар қанша айтса да құлақ түрмеген жергілікті биліктің әрекетсіздігіне наразы.

– Жағдай өте нашар. Иісі қолқаны алады. Қаланың орталық көшесі қоқысқа толып кеткен. Басқа көшеде тұрамын, онда да  суы сасып жатыр, – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Ақару Жандос.

– Сәтбаев қаласы таза болатын, соңғы 2-3 жылда қоқысқа толып кетті. «Сүйікті қала», «Сәт тазалыққа» коммуналдық қызмет ақысын уақытылы төлеп отырмыз, бірақ тазаланбайды, – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Зинаш Молдабаева.

Бұл мәселені алға тартып, сала мамандарына байланысқа шықтық. Серіктестік өкілдері тұрғындар сөзін жоққа шығарды. Олар қоқыстың уақытылы тазартылатынын алға тартып отыр. Тек қоқыс жәшіктері мен техниканың, тиісті мамандардың жетіспеушілігінен жұмыс жүйесіз жүргізілетінін айтты. Азаматтардың 55 миллион теңгеден асып жығылатын қарызы да олқылықтың орнын толтыруға кедергі көрінеді.

– Қалаға 320 дана 92 контейнерлік алаң орнатылды, оның ішінде әрқайсысы 5 текше метр көлеміде 12 дана кәсіпорын күшімен белгіленген. Экобиннің көмілген түрі бар. Контейнер мен кадр жетіспейгендіктен қоқыс уақытылы тазаланбайды. Тұрғындардың қарызы көп. Ол да тікелей әсер етіп отыр, – деді ЖШС баспасөз хатшысы Сандуғаш Пішімбаева.

Сәтбаев қаласының аумағынан қоқысты және қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау мен тасымалдауды шартты негізде бір ғана компания жүзеге асырады. Серіктестік балансында 8 техника бар. Бірақ жеткіліксіз. Ал аталған мәселенің қалай шешілері әзірге белгісіз.

Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысы

Оқи отырыңыз: Үш шақырым жаяу жүреді: Маңғыстауда мектеп оқушыларын тасымалдайтын автобус неге жоқ

Новости партнеров