Алматы облысының тұрғындарына неліктен мембағдарламамен қаладан пәтер берілмейді

Almaty.tv
Almaty.tv
Жұрт Алматыдан үй алу үшін мекенжай анықтамасы міндетті емес деген банктің аяқасты талапты өзгертіп жібергеніне ашулы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысы тұрғындарының баспаналы боламыз деген қуанышы ұзаққа созылмады. Жұртшылық «Отбасы банкі» бастапқыда көпшілікке жеңіл талаппен үй ала аласыз деп жарнама жасап, кейіннен сөздерінен айнып қалды дейді. Алматыдан үй алу үшін мекенжай анықтамасы міндетті емес деген олар аяқасты талапты өзгертіп жібергеніне ашулы. Мемлекеттік бағдарламаға қатысушылардың бәрі де - әлеуметтік санаттағы отбасылар. Бірі көпбалалы ана болса, енді бірі толық емес отбасынан, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

 

Жиналған жұртшылықтың базынасы бір. Бәрі де баспана қамын күйттегендер. Олардың айтуынша, «Отбасы банкі» Алматы облысы тұрғындары үшін байқау ұйымдастарған. Оның шартына сәйкес, қатысушылардың қалада тіркелуі міндетті емес еді. Мегаполистен үй алуды мақсат еткен халық жеңілдікті ести сала құжаттарын жинап, банкке жүгірген. Алғашқы жарнасын депозитке салып, енді пәтер аламыз деп отырғанда байқау ережесі өзгеріп кеткенін алға тартады.

«Біздің Алматы қаласында тұрғылықты тіркеуіміз жоқ, Алматы облысының ішінде қала маңындағылар кіреді деп бізге ауызша айтып жатыр. «Сендер өте алмайсындар, біз Алматы қаласының аумағында тіркелгендерге ғана береміз» деп айтты. Басында осы байқауға өздері қатыстырғаннан кейін банктен несие рәсімдедік, ал енді жарты жолға келген кезде сіздерге берілмейді деп тұр», - дейді облыс тұрғыны Ринат Қабденов.

Жалғызбасты ана Әлия Әбдірахманова да мемлекеттік бағдарламаға қатысушы. Ол бәрінен бұрын «Отбасы банкі» мақұлдаған құжатының мерзімі өтіп кете ме деп алаңдайды. Себебі банк үй алуына рұқсат деп берген құжатының уақыты шектеулі. Көрсетілген мерзімге дейін пәтер алып үлгермесе, қағазы жарамсыз болып қалады.   

«Құжатымының мерзімі 6 айға ғана жарамды. Осы ақпанда шықты. 6 ай уақытым бар. Әлі де үміттіміз. 13 млн 700 мың теңгеге сіз үй ала аласыз ба, мәселен? Қазір бұл мүмкін емес нәрсе ғой. Сондықтан осы бағдарламаны күтемін», - дейді тағы бір тұрғын Әлия Әбдірахманова.

Алматы қаласы әкімдігі облыс тұрғындарын баспанамен қамти алмайтынын айтады. Заңға сүйенсек, бұл мәселе әкімдік құзіретіне кірмейді екен. Талап бойынша, республикалық бюджеттен Алматыға бөлінген қаражат тек қала тұрғындарына ғана тиесілі болатынын айтады. 

«Сіздерді несиелеуге кіргізді. Бізге жоғарыдан ресми келген хат бойынша болмайды деді. Біз сіздермен келісімшарт жасай алмаймыз деп айтып отырмыз. Енді сіздер әкім шешеді дейсіздер. Заңды шығаратын әкім емес. Заң министрлік шығарады», - деді Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев.

Көпшілікті үй алуға асықтырған «Отбасы банк» өкілдері қандай да бір құжаттан қателік кетті деп ақталып отыр. Бастапқыда қалада мекенжай анықтамасы жоқ болса да, үй ала аласыз деген жарнамаға ерген көпшілікті енді сабырға шақыраудан басқа амалы жоқ.

«Қазір тұрғын үй мәселелеріне жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне ресми хат жолдадық. Облыс тұрғындарына қала аумағынан үй алуына болмайды деген жауап келді. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Екінші рет ресми хатпен шығып отырмыз. 1 аптаның ішінде жауабы келуі керек. Тағы да бұл өтінішімізді орындамаса, басқа жолын қарастырамыз. Алаң болмаңыздар», - деді «Отбасы банк» басқарма төрайымының орынбасары Мұхтар Әзімбеков .

Алматы облысы тұрғындарына құзырлы министрліктен жауап күтуден басқа амал жоқ. Ал «Отбасы банк» өкілдері баспана алу үшін шектелген құжат мерзімін тағы бірнеше айға ұзартып беруді уәде етті. Жер-жерде пәтер жалдап жүргендер бұл мәселе тез шешілсе екен деп отыр.

Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров