Былтыр елімізде 1 700 шақырымнан аса газ құбыры салынып, 300 мың азамат көгілдір отынға қол жеткізді
Былтыр Сыр өңірінде 11 елдімекен табиғи газға қосылып, облыс тұрғындарының 78 пайызы көгілдір отынды тұтынуға көшті. Ол үшін газдандыру жобаларына 30 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Ал жыл басынан бері тағы төрт елдімекенге газ желісі тартылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінде Қызылорда облысында елуге тарта елдімекен табиғи газды тұтынуға көшкен. Солардың бірі - жаңа жылда өркениет көшіне ілесіп, көгілдір отынға қол жеткізген Арал ауданындағы Шижаға ауылы. 11 құрсақ көтерген батыр ана Назым Сәдуақасова "өмір бойы от жағып келіп едік, енді міне газ келіп, қолымыз ұзарды" дейді.
"Газдың пайдасын үйдің тазалығынан, келіндердің қиындық көрмеуінен, от жақпай-ақ үйдің жылы болып тұруынан көруге болады. Бұрын үлкен бөлмелер жылынбайтын еді. Кешеден бері қызығын көріп жатырмыз", - дейді Шижаға ауылының тұрғыны Назым Сәдуақасова.
Шиелі ауданының іргесіндегі Ортақшылда 200-ден аса шаңырақ түтін түтетіп отыр. Елдімекенде тұратын Базаркүл Ешниязқызы көмір тасудың бейнеті аз болмағанын айтады. Ауыл халқы көмірді аудан орталығынан тасымалдаған. Әр үй қыс ауасында кем дегенде 5-6 тонна қатты отын жағады. Енді осы қиындықтың барлығы артта қалып, ел қуанышы еселеніп жатыр.
"Ауылдық жер болған соң күл шығарамыз. Отын бұтап әкелеміз. Шелек-шелек көмір әкеліп саламыз. Үй жылы тұрсын дейміз. Оның бәрі бейнет қой. Ауылымызға газ кіріп, рақаттанып қалдық. Қуанышымызда шек жоқ", - дейді Ортақшыл ауылының тұрғыны Базаркүл Ешниязқызы.
Аймақта биыл да жоспар ауқымды. Қазір 9 елдімекенді газдандыруға байланысты жобалар әзірленсе, былтырдан өтпелі газдандыру құрылысы қарқынды жүруде. Соның нәтижесінде елдімекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету көрсеткіші 80 пайыздан аспақ.
"Биыл қосымша тағы 5 елдімекен газға қосылады деп отырмыз. Сондай-ақ 13 жоба іске асырылып жатыр. Өткен жылдан өтпелі жобалар. Оған республикалық және облыс бюджетінен 6 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Оған қоса, 9 елдімекенді газдандыруға байланысты 8,2 млрд теңгеге жобалар әзірленді. Алдағы бюджетті нақтылау барысында осы мәселені талқылап, қосымша қаржыландыруды жоспарлап отырмыз", - деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов.
Былтыр ел бойынша 1 700 шақырымнан аса газ құбыры салынып, 300 мыңнан көп азамат көгілдір отынға қол жеткізді. Ал биыл 45 жобаны іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен 65,9 млрд теңге бөлінген. Яғни, еліміздегі газдандыру деңгейі 62 пайызға жетеді. Қазір ұзындығы 302 шақырым болатын "Талдықорған-Үшарал" магистральдық газ құбырының құрылысы жүріп жатыр. Бұл арқылы 124 мың тұрғыны бар Жетісу облысының 66 елдімекені табиғи газға қол жеткізеді.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, "Алматы" телеарнасы, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: Қазақстанды газдандыру: Алматыда биыл қанша үй көгілдір отынға қосылады