Ұлттық лагерь жайлы не білеміз

Ұлттық лагерь жайлы не білеміз
Мұнда мектеп жасындағы балалар ойын-сауықпен ғана уақыт өткізбей, ұлтымыздың мәдениетімен сусындайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында ашылған ұлттық тәрбиедегі лагерь алғашқы маусымды қорытындылады. Демалыс орнына келген мектеп жасындағы балалардың айтуынша, қазақи салт-дәстүрге терең үңіліп, елдің тарихы мен мәдениетінен тәлім алған. Толығырақ Almaty.tv тілші тарқатсын. 

Алатаудың баурайында орналасқан демалыс лагерінің басты ерекшелігі дәстүрлі тәрбие беруінде. Мұнда мектеп жасындағы балалар ойын-сауықпен ғана уақыт өткізбей, ұлтымыздың мәдениетімен сусындайды. Ұлағатты ойға толы әңгімелер тыңдап, ғибратланады.

«Сол қолмен тамақ ішпейді. Батасыз тамақты бастамайды деген сияқты үйренді. Бүгінде менің көзім жеткені балалар тап-таза. Тәрбие берсең, тәрбиеленеді екен. Менің соған көзім жетті. Ата-ана көбіне көңіл бөлмейді ғой. Сондықтан тәрбие берсек, бұл балалардан ертең Абай, Шәкәрім, Әлихан, Ахмет, Міржақып та шығады. Бауыржанды да шығаруға болады», – деді демалыс орнының жетекшісі Ардақ Назаров.

Демалыс орнының тағы бір ерекше тұсы балалар асық ату, садақ тарту, алтыбақан сынды ойын ойнап, қазақ әдебиетінен үзінділер жаттайды. Сондай-ақ, тарихи тұлғалардың қанатты сөздерін ұран етіп, рухани азық алады.

«Жалпы ұлттық ойындар, ұлттық салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптардың барлығын осы жақта үйретіп жатыр. Дамытып жатыр», – деді демалушы Ескендір Сауданбек.

Тәрбиешілердің айтуынша, қазақи мәдениетке үйрету оң нәтижесін беріп, ата-аналардың разылығына бөленіп жатыр. Айта кетсек, бұл демалыс лагері ұлттық тәрбиемен дамытатын алғашқы демалыс орны.

Даңғаза қаладан да қалжырадым, аңсадым әсем үнін домбыраның. Кетер ме ем жүрісті атпен жолға шығып, қазақтың шырқай-шырқай халық әнін. Қазақтың тәрбиесіне сусындап өскен ұрпақ ертеңгі ұлттың болашағына септігін тигізетіні анық. Сондықтан баламызға дұрыс тәрбие беруді үйренейік.

Оразай Нұртай, Мұрат Тайжанов,«Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров