«Ұялы байланыссыз қалдық»: Жауғашты ауылының тұрғындары тағы да бас көтерді

Almaty.tv
Almaty.tv
Ауыл ішінде орналасқан әйелдер түзету мекемесіндегі байланысты бұғаттайтын құрылғы орнатылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Ұялы байланыссыз қалдық». Алматы облысы Жауғашты ауылының тұрғындары тағы да бас көтерді. Ауыл ішіндегі әйелдер түзету мекемесі аумағына орнатылған байланысты бұғаттау құрылғысы тұтас ауылға кедергі болып отыр. Тұрғындар бұл мәселені 2 ай бұрын көтерген болатын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жауғашты жұрты бүгін түзету мекемесінің алдына жиналды.

«Төрт балам мектепте оқиды. Интернет ұстамайды, байланыс жоқ. Желтоқсан айында ауырдым. Жедел жәрдем көлігін шақыра алмаймыз. Біз тұрған ауылды, үйді таба алмайды», – деді Жауғашты ауылының тұрғыны Самал Есенбаева.

Жергілікті жұртқа жауыр болған желі мәселесі әлі шешілер емес. Бұған ауыл ішінде орналасқан әйелдер түзету мекемесі себеп көрінеді.

«Әйелдерді түзету мекемесінде байланысты бұғаттау құрылғысы орнатылған. Қараша айында «Алматы» телеарнасын шақырып, мәселені айтқанбыз. Сол кезде 1-2 ай байланыс болды.  Кешелі бері құрылғы қайта қосылды. Менің аяғым ауыр, жақында босанам. Жедел жәрдем көлігін қалай шақырамыз?» – деді Жауғашты ауылының тұрғыны Зарина Тоқымбетова.

Ал Жауғаштыдағы №10 әйелдер түрмесінің басшылығы ауылда байланыс болмағанын айтып, ақталып отыр. Сондықтан байланыс сапасына түрменің тікелей қатысы жоқ.

«Ұялы операторлармен келісім әлі жасалған жоқ. Бұғаттау құрылғысын қосып, өшіру біздің қолымызда емес. Орталықтандырылған жүйе Астана қаласында. Дәл қазір құрылғы қосылып тұрған жоқ», – деді Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша ҚАЖД қарасты №10 мекеме басшысының орынбасары Ердос Беріков

2000 халқы бар Жауғашты ауылында бүгін  байланыс бар. Тек қанша уақытқа созылары белгісіз. Ал байланысты бұғаттайтын құрылғыны орнататын жеке компаниямен Қылмыстық атқару жүйесі департаменті келісімге келмек.

Әлібек Шынтемір, Ғани Қалуов, Мұратбек Алмасхан, «Алматы» теларнасы

Новости партнеров