Биыл елімізде 2 млн 300 мың оқушы жазғы демалысын лагерьлерде өткізеді. Оның 900 мыңы мемлекет қаржысы есебінен тегін демалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Басым бағыт әлеуметтік санаттағы отбасылардың балаларына беріледі. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі хабарлады. Биыл сауықтыру кешендері жұмысын 1 маусымнан бастайды.
Қазіргінің балалары Қожа мен Жанар секілді жазғы демалысқа шыға сала қырықтық пен шөп шабуға бармайды. Жыл өткен сайын әже мен атасының жанына ауылға асығатындардың да қатары сиреп барады. Олар жазғы демалысын лагерьлерде өткізгенді жөн көреді қазір. Сұранысқа сәйкес, ата-аналардың да демалыс орындарына деген талабы жоғарылай түскен. Алматыдағы балаларға арналған лагерьлердің басым бөлігі осындай Алатаудың бөктерінде, әсем табиғат аясында орналасқан. Балалар сауықтыру-кешенінде жазғы маусымда 2 мыңға жуық оқушы демалады екен. Тек Алматыдан емес, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналады. Мақсат – оларды демалтып, ойнап-күліп қайтару емес, қосымша білімдерін жетілдіру.
Айнабек Шәукенұлы – балалардың жазғы демалысын ұйымдастырумен айналысатын жеке кәсіпкер. Бұл салада тәжірибелі маманға айналып үлгерген. Биыл бұл шаруаны серік еткеніне 22 жыл болады екен. Айтуынша, мектеп жасындағылардың лагерьде демалуы кезінде алдын-ала құрылған күн тәртібі аса маңызды.
«Таңертең балалар тұра сала, дене жаттығуына көшеді. Одан кейін таңғы ас, спорттық шаралардан жарыстар өткіземіз. Жалпы балалардың бос уақыты жоқ. Әр топта 20-25 бала болады. Олар бастапқыда сол топты қабылдап, балалардың қауіпсіздігәне жауапты», – деді Балалар сауықтыру кешенінің басшысы Айнабек Қалықов
Биыл Алматыда 100 мыңнан астам бала лагерьге барады деп жоспарланған. Оның 3,5 мыңы мемлекет қаржысы есебінен тегін барады екен. Қалада 8 сауықтыру кешені бар. 1 маусым күні жұмысын бастайтын лагерьлер 28 тамызға дейін үздіксіз бала қабылдайды. Онда жазатайым оқиғалардың болмауына тікелей сала мамандары жауапты.
«Балалардың жазғы демалыс кезінде өрттен, судан басқа дақауіптерден сақтауына лагерь әкімшіліктері жауапты. Міндетті түрде баланың қандай жағдайда тынығады? Қандай жағдайда ол бала демалып, немен шұғылданады, тамақтануы, ұйықтауы білім басқармасы тарапынан зерделеніп отырады», – деді Қалалық білім басқармасының бас маманы Жанар Сағындықова.
Білім министрлігінің мәліметінше, биыл сауықтыру лагерьлері мен алаңдардың саны артқан. Еліміз бойынша 11 мыңнан астам қала маңындағы, шатырлы, спорттық және киіз үй лагері бар. Ата-аналар үшін электронды сайт жұмыс істейді. bala-demalys.kz порталы арқылы сауықтыру лагерьлерінің интерактивті картасын, бағдарламасын, бағасын, орналасқан жерін білуге болады.
Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы