Алтай Көлгінов ЛРТ жобасы бойынша мән-жайды түсіндірді

Алтай Көлгінов ЛРТ жобасы бойынша мән-жайды түсіндірді
Бұдан бөлек, елорда басшысы шаһардағы проблемалық нысандарға қатысты сұрақтарға да жауап берді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

ЛРТ жобасы бойынша «Астана банкінен» ақша толық қайтарылған жоқ. Ол жөнінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистерге мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Астана Банкінен» қаражатты қайтару мәселесі бойынша жұмыс жүргізілуде. Бірақ бұл бір күнде аяқталатын жұмыс емес. Онда жер учаскелері, ғимараттар, көлік бар. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша біз әлі де нәтижелер туралы айтатын боламыз. Жалпы барлық мүлікті сот арқылы алып, сату керек. Осы мәселелер біздің жіті бақылауымызда», - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі  Алтай КӨЛГІНОВ.  

Бұдан бөлек, елорда басшысы шаһардағы проблемалық нысандарға қатысты сұрақтарға да жауап берді. Оның ішінде қаражатын баспанаға құйып, сан соғып қалған үлескерлердің салынбаған үйлері де бар. Бүгінгі таңда сең қозғалып, осы жылдың ішінде 11 тұрғын үй кешенінің құрылысын әупірімдеп жүріп аяқтағандарын айтты. Ал, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сынға алған теміржол ауруханасы уақытша басқа ғимаратқа көшірілетін болды.

«Сол жерде емхана жұмыс істейтін болады, жалпы осы ауданға қызмет көрсетуін жалғастырады. Жаңа заманауи кешен салу үшін Түркиядан инвестор келіп жатыр. Біз инвестициялық кеңесте қолдадық, Түркияның ауруханасын көрдік. Бұл заманауи супер клиника, ол университеттік, көп бейінді болады, Сарыарқа ауданында осы аймақты қамту үшін салынатын болады, ол жеке инвестор есебінен МЖӘ принципі бойынша бой көтереді», - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі  Алтай КӨЛГІНОВ.

Сонымен қатар, Алтай Көлгінов таяуда елорданың жарты бөлігі не себепті жарықсыз қалғанын түсіндірді. Апат орын алған жерде екі жыл бұрын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нысан балансқа берілмей қалған. Мемлекеттен миллиондаған қаржы бөлініп жаңадан салынған электр желілері енді ғана коммуналдық меншікке беріліп жатыр екен. Қазір істі сот майшаммен қарап жатыр, кінәлілер жауапқа тартылады деп сендірді.

Новости партнеров