«5-10-20» тұрғын үй бағдарламасына бастапқы жарна ретінде зейнетақы жинағындағы қаражатты алуға болады

«5-10-20» тұрғын үй бағдарламасына бастапқы жарна ретінде зейнетақы жинағындағы қаражатты алуға болады
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев осылай айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«5-10-20» тұрғын үй бағдарламасына бастапқы жарна ретінде зейнетақы жинағындағы қаражатты алуға болады. Қазір оның тетіктері қарастырылып жатыр. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев осылай айтты,  деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі.

Жалпы жаңа бағдарламаға мемлекеттік бюджеттен 390 миллиард теңге бөлінбек. Ал аталған бағдарлама кімдерге арналған? Қатысушыларға қойылатын басты талаптар нендей?

Нұрсұлтан Шамғалиев отбасымен 6 жыл бойы жалдамалы пәтерден-пәтерге көшіп жүруге мәжбүр. Себебі баспана алу қиын дейді. Ал, жұбайы екеуі тірнектеп жинаған ақшасының өзі бастапқы жарнаға жетпейтінін айтады.

«Жалақының  ай сайын 50 %-ын саламыз.  Әйелімнің, өзімнің қосқан 50 пайыз жалақымызды саламыз. Қалғанын тұрғылықты пәтерге төлейміз, жүріп-тұратынымыз бар», – деді қала тұрғыны Нұрсұлтан ШАМҒАЛИЕВ.

Күн сайын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» осы бөлімшесіне баспана мәселесін шешу үшін ондаған адам жүгінеді. Банк өкілдерінің айтуынша, қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалардың шарттарын егжей-тегжейлі біліп, ипотека арқылы тұрғын үй рәсімдеуге ниеттілердің қатары қалың. Анықталғаны, соңғы уақытта әлі де іске қосылмаған «5-10-20» бағдарламасына қызығушылық танытатын тұрғындар көп. Мамандар болса, аталған жаңа бағдарлама арқылы несие беру маусым айында басталады деп отыр.

Сонымен, «5-10-20» пилоттық жобасы – «Нұрлы жер»  бағдарламасының жаңа бағыты. Ол арқылы баспаналы болу үшін келесіні ескеру керек. Несие мөлшерлемесі - 5%-ды құрайды, бастапқы жарна - 10 % және несиелендіру 20 жылға дейін беріледі. Бағдарламаға  қолжетімділік сатысы енгізіліп отыр.

«Осы 5-10-20 пилоттық жобасына 2 минималды күнкөріс мөлшерлемесінен  3,1 минималды күнкөріс мөлшерлемесіне дейін жан басына шаққандағы табысы келетін отбасылар қатыса алады. Оны теңгемен айтатын болсақ, 65336 теңгемен 101 270 теңге арасында жан басында шаққандағы отбасылар қатыса алады», – деді  қалалық Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі орталық филиалының директоры  Жансұлтан МАТАЕВ.

Аталған бағдарламаға әкімдіктерде тұрғын үйге кезегіндегілер ғана қатыса алады. Қазір елімізде осындай 540 мың адам бар. Олардың 212,5 мыңы – мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлері, әскерилер. Сондай-ақ, әлеуметтік аз қамтылған топқа жататындар. Мәселен, 61 мың жетім бала, 120 мың толық емес отбасы. Өкінішке қарай, бұл санаттағылар саны артып келеді. Бұдан бөлек, 48 мың көпбалалы жанұя бар. Бұл төрт және одан да көп бала асырап отырғандар. Баспанаға зәру адамдардың кезегінде 44 мың 1 және 2-топтағы мүгедек тұр. Ал мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы 21 мыңға жеткен. 18 мың зейнеткер де үй кезегінде. Пилоттық жобаның тағы бір мақсаты  – құрылыс нарығын ілгерлету. Сондықтан тек қана алғашқы нарықтан үй сатып алуға болады. Жалпы биыл 15 миллион шаршы метр тұрғын үй салу көзделіп отыр. Ал экономист Сапарбай Жұбаев бұл баспаналардың сапалы тұрғызылатынына күмәнмен қарайды.    

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі»  өзінің 50 пайызын жинап алып, арнаулы бағдарламаларымен үй салады. Олар өзіндік құнын қосады. Ал енді мемлекет осы «5-10-20» бағдарламасында 5 пайыздық төлемді субсидиялау қажет. Себебі қайта қаржыландыру ставкасы бастапқыда 9,25 % болды. Бұдан кейін 12% жасады. Сосын қайтадан 9%-ға төмендеп кетті. Сондықтан құлдыраған сайын құрылыс компаниялары сапасыз жұмыс істейді. Арзанқол материалдармен жұмыс істейді», –  деді экономист Сапарбай ЖҰБАЕВ.

Экономист маман отбасыдағы жан басына шаққандағы күнкөріс деңгейін шектеудің қажеті жоқ деп санайды. Себебі бұл ертеңдері «анықтама ізде», «таныс іздеге» өтіп, жемқорлыққа алып барады деген пікірде.

Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров