Абай облысында рұқсатсыз құм сатқан екі кәсіпкер 150 млн теңге табыс тапқан

Мүліктердің қатарында 11 автокөлік, 2 пәтер, жер учаскесі және 17 миллион теңге көлеміндегі дебиторлық қарыз бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

 Қаржылық мониторинг агенттігі Абай облысы бойынша департаменті екі кәсіпкерге қатысты қылмыстық істі аяқтады, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Олар 2023 жылдың қыркүйегі мен 2024 жылдың қазаны аралығында Семей қаласы аумағында лицензиясыз құм өндіріп, сатқан. Нәтижесінде күдіктілер заңсыз түрде 68 мың тоннадан астам құм өндіріп, мемлекетке 272 миллион теңге көлемінде залал келтірген. Кейіннен құрылыс материалдарын өндіруші зауыттарға құмды өткізу жалған сәйкестік сертификаттарын пайдалана отырып, жеке кәсіпкерлер арқылы жүзеге асырылған", - деп жазды Қаржылық мониторинг агенттігінен.

Дерекке қарағанда, оны сатудан түскен қылмыстық табыс 150 миллион теңгеден асты.

Күдіктілер осы қаражаттың бір бөлігін фронтальды тиегіш сатып алуға жұмсап, қосымша 6,2 миллион теңге мөлшерінде табыс тапқан.

Соттың санкциясымен күдіктілердің 181 миллион теңгеден астам сомаға бағаланған мүлкіне тәркілеу мақсатында тыйым салынды.

Мүліктердің қатарында 11 автокөлік, 2 пәтер, жер учаскесі және 17 миллион теңге көлеміндегі дебиторлық қарыз бар.

Іс айыптау актісін бекіту үшін прокурорға жолданды.

Оқи отырыңыз: Қытайлық компанияға 1 миллиард теңге айыппұл салынды

Новости партнеров