Абай облысында әскери қызметкер өз-өзіне қол салды

Almaty.tv
Almaty.tv

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратты министрлік растады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақ әскерінен тағы қаралы хабар. Абай облысындағы Аягөз гарнизонының әскери қызметкері өз-өзіне қол салды. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратты министрлік те растап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аягөздегі №10810 әскери бөлімінде маусымда қайғылы жағдай болған. Ол кезде мерзімді әскери қызметін өтеуге келген 21 жастағы сарбаз өмірімен қош айтысқан. Бұл жолғы оқиғаны министрлік жұмыстан тыс уақытта болды деп баяндады. Жұмысқа тұрғанына 10 күн болған офицердің денесі үйінен табылған.

Оқиға жұмыстан тыс, үйіне болған. Әскери қызметке келгеніне көп болмады. Өз-өзіне қол салу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деді ҚР Қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев.

Әскердегі әлімжеттік мәселесін мәжілісмендер де талай көтерді. Нартай Сәрсенғалиев отан алдындағы борышын өтеуге барған боздақтардың табытпен оралып жатқанына ашынды. Оның сөзінше, соңғы 4 жылда сапта тұрған 86 сарбаз өзіне қол салған. Ал 270 әскери қызметкердің қызмет бабында ғұмыры қиылған. Депутаттың айтуынша, жағдай жалғаса берсе, ертең армияның ахуалы өршуі мүмкін.

«Жауырды жаба тоқығанымен жараның жазылмайтыны» белгілі. Оның айғағы бейбіт күнде сарбаздарымыз түрлі дене жарақатын алып, кейбірі көз жұмды. Бұл – бір рет емес, бірнеше рет болған жағдай. Салдарынан айыппұл салмақ түгілі, айып тақсаң да ата-аналар бауыр еті баласын әскер қатарына жібергісі келмейді, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев.

Ресми дерекке сүйенсек, соңғы 1 жылда әскерге барудан жалтарғандар саны күрт өскен. Жасы 18-ге толған 30 мыңнан аса жігіт іздеуде жүр. Жанарында от ойнаған жастардың сарбаздық өмірден жаппай жалтаруында жауабы табылмаған сауал көп. Әскери өмірдің көлеңкелі тұсы ашылар емес.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы

 

 

 

Новости партнеров