Ақмола облысында 4 бала асырап алған патронат ана әділдік іздейді

Облыстық бала құқықтары жөніндегі уәкіл оқушының сол кездегі күйін көріп, онымен сөйлескенін айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақмола облысында 4 бала асырап алған патронат ана әділдік іздеп, шарқ ұрып жүр. Оның сөзінше, қамқоршылық органы шешімді 9 жастағы баланың түр-әлпетіне, киген киіміне қарап, шығарған. Көпшілікке үндеу жасаған әйелді қорғауға көршілері, қоғам белсенділері, заңгерлер келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Фотосуреттен күлімсіреген балалардың бейнесін көруге болады. Бұл Щучинск қаласының тұрғыны Алена Сурайдың үйінде қалған жалғыз естелік. Жарты жыл бұрын 4 баланы қамқорлығына алған ол екі аптадан аса уақыт бүлдіршіндерін көре алмай отыр. Оған 9 жастағы ұлының жүзінде пайда болған жарақаттар мен кірлеген шұлықтары себеп болған.  

"Әпкесі итеріп қалғандықтан, ол жерге құлады. Мен оны қамқоршылық бөліміне алып бардым, балалар не болғанын айтып берді. Дүйсенбі 14 қазанда біздің үйге кешкі сағат 22:00-ден кейін бір топ адам келді. Оның ішінде полиция қызметкерлері, №8 мектептегі білім бөлімінің мамандары бар. Олар маған баламның сынып жетекшісі арыз жазғанын айтты. Олардың айтуынша, кішкентайларға қорлық көрсетіппін"– деді қала тұрғыны Алена Сурай.

"Білім ордасынан кәмелетке толмаған балаға қатысты дерек келіп түскендіктен, құқық қорғау органының қызметкерлерімен бірге оқушының үйіне бардық. Одан соң жеткіншектерді алып кету туралы қорытынды шығарылды. Қазір қылмыстық іс қозғалған", – деді Бурабай ауданы білім бөлімінің басшысы Алтынай Ахмеджанова.

Облыстық бала құқықтары жөніндегі уәкіл оқушының сол кездегі күйін көріп, онымен сөйлескенін айтты. Сондай-ақ ол баланы суретке де түсірген. Айтуынша, одан зорлық-зомбылық фактісін аңғаруға болады. Тіпті анасы баланың ең қарапайым қажеттілігіне немқұрайлы қараған. Алғашында бұл отбасы Қатаркөлде тұрған. Асырап алған үлкен ұлының бірнеше диагнозы бар, оның мінез-құлқын бақылауы қиындық тудырғандықтан дәрігерлер дәрі-дәрмек те жазып берген. Ал Щучинск қаласына сәуірде көшіп барған. 

"Әзірге балаларды заңсыз алып кету фактісінің тіркелгенін, патронат тәрбиешіге заңсыз айып тағылғанын көріп тұрмын. Анасының ұрып-соққаны, оның кінәлі екені ешбір қағазда жазылмаған және ешбір сараптама оны дәлелдеп тұрған жоқ. Әпкесі итеріп жібергендіктен бала құлап қалған, мұны өзі де растап тұр", – деді облыстық мәслихат депутаты Құралай Жұмабекова.

 

Заңгер де келісімшартты бұзуды заңсыз деп санайды. «Жетімдерсіз Қазақстан» жобасының үйлестірушісі қалыптасқан жағдайды өзгертуге тиіс заңның мәжілісте талқыланып жатқанын атап өтті.

"Анасымен, балалармен әңгімелесіп, отбасын толығымен зерттеп, мұғалімнің арызында жазылғанның шындыққа жанасатынын не жалған екенін анықтау керек еді", – деді «Жетімдерсіз Қазақстан» жобасының үйлестірушісі Мұрат Қабылбаев.

Аудандық білім бөлімі Аленамен жасалған балаларды патронаттық тәрбиеге беру туралы шартты бұзып үлгерді. Анасы мен әжесінің айтуынша, оларда ешқашан қаржылық мәселе туындамаған. Алена тігіншілікпен айналысады. Ол ойыншық тоқиды, сәндік шамдар жасайды, білгенін өзгелерге үйретеді. Жеткіншектер қазір Ақкөл балалар үйінде. Асырап алған анасы болса, әлі де әділдік іздеуге мәжбүр.

 Рүстем Айткәрім, Оксана Матасова, Рамиль Дусумов, Ақмола облысы

Оқи отырыңыз: Қаражат жымқырған күдікті елге қайтарылды

Новости партнеров