Алматы қаласындағы тұрғын үй нарығы қарқынды дамып келеді

Былтыр 5567 адам мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспаналы болған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кейінгі үш айда Алматы қаласындағы тұрғын үй нарығы қарқынды дамып келеді. Алып шаһарда сұраныс көп бағдарламалардың бірі – «Алматы жастары». Осы берекелі жобаның нәтижесінде, былтыр 6 мыңға жуық жас баспаналы болып, қоныс тойын тойлаған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өткен жылы «Жұмыс істейтін жастар» санаты қосылған кезде 20-дан астам азамат пәтерге қол жеткізді. Бағдарламаның тиімділігі сол, жылдық 5% жеңілдетілген мөлшерлемемен және 10 пайыз бастапқы жарнамен тұрғын үй алуға мүмкіндік беріп отыр.

 «Қолжетімді баспана – арман емес, азаматтарымыздың алдындағы міндетіміз», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өткен жыл елдегі тұрғын үй саясаты үшін тындырымды тірлікке толы болды. Мемлекет басшысы «Тұрғын үй заңнамасын реформалау туралы» заңға қол қойды. «Отбасы банкі» «Бір терезе» қағидаты бойынша мұқтаж азаматтар арасында тұрғын үйді тіркеу және бөлумен айналысатын толыққанды даму институты болады. Реформа баспана беру процесінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Президенттің тапсырмасына сай, былтыр елімізде 18,96 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өкілдерінің есебінше, бұл – егемендікке қол жеткеннен бергі тұрғын үй саласындағы рекордтық көрсеткіш.

2024 жылдың қорытындысына сүйенсек, 172 089 баспана пайдалануға берілген. Оның 39 064-і жеке үй. Сонымен қатар аталған заң аясында жалға берілетін мемлекеттік тұрғын үйлерде тұратын 71 мыңға жуық азамат пәтерін жекешелендіруге мүмкіндік алған. Ал әлеуметтік осал топтары санатындағы мұқтаж азаматтар үшін әкімдіктер 20 мыңнан астам пәтер сатып алыпты. 13 мыңға жуық отбасы алғаш рет жеке баспананың иесі атанған.

Тұрғын үйді жалға алғаны үшін жалдау ақысының бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй төлемдері де субсидияланды. «Наурыз» және «Отау» мемлекеттік бағдарламалары аясында былтыр 10 мыңға жуық отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты. 64 мыңға жуық жанұяны қолдауға мемлекет 1 трлн теңге бөлген.

Ал  биыл елімізде 19 млн шаршы метр немесе 175 мың тұрғын үй, 2029 жылға қарай 111 млн шаршы метр баспана салу жоспарланып отыр. Сондықтан мемлекет тарапынан әлеуметтің әлеуетін әлдендіру бағытында мұндай қолдау көрсету ісі жалғаса бермек.

Алматыдағы жылжымайтын мүлік нарығында сарапшылардың айтуынша,  бағаның тұрақты өсуі мен ипотекалық бағдарламалардың тиімділігі арасында тепе-теңдік сақталып отыр.  Себебі мемлекеттік бағдарламалар мыңдаған отбасының тұрғын үйге қол жеткізуіне септігін тигізіп келеді. Үй аламын деп үмітін үкілеген тұрғындар үшін жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама аз емес. Атап айтсақ, «Отау» мен «Наурыз» бағдарламасы  көптің көлдей тілегіне арқау болды. Сонымен бірге «2-10-20», «5-10-20» тұжырымдамалары да жалғасын тауып отыр. Ал «Ұмай» және «Жасыл ипотека» бағдарламасы жазда іске қосылмақшы. «Ұмай» бағдарламасының тиімдісі сол, жөндеу жұмыстары үшін 15 миллион теңгеге дейін несие алу мүмкіндігі бар. «Отбасы банк» өкілдерінің сөзінше, «50/50», «Өз үйім» арқылы барлық қатысушы өзіне ұнаған пәтерлерін бірінші немесе екінші нарықтан сатып ала алады.

Ал 2017 жылы іске қосылған «Алматы жастары» өңірлік бағдарламасы жалғасып, жастардың қуанышқа кенелуіне мол мүмкіндік берді. Биыл да бағын сынап, қатысқан жас аз емес. 14-26 наурыз аралығында 6626 өтінім түскен. Оларға 5 пайыздық мөлшерлемемен 20 миллион теңгеге дейін несие берілді. Естеріңізге салайық, былтыр бұл займның сомасы 18 млн теңге еді. Биыл оның үстіне 2 млн теңге қосылды. Бағдарлама аясында 2024 жылы 26 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Биыл 1300-ден астам азаматты баспанамен қамтамасыз ету жоспарда бар.

Алматыда былтыр 5567 адам мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспаналы болған. 206 тұрғын үй сертификаты берілсе, биыл тағы 6 мың баспананың кілті табысталмақ.

Оқи отырыңыз: Соғыстан қалған техника: Қалдаяқов көшесінің бойында мұражай ашылады

 

 

Новости партнеров