14 наурыздан бастап бағдарлама бойынша өтініш қабылдау басталды
Алматыда жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы жемісін беріп келеді. Бес жыл бұрын бастау алған жоба аясында 4,5 мың пәтер сатып алу құқығынсыз жалға берілген. Бағдарлама жастарға баспана мәселесін уақытша шешіп, өз үйіне бастапқы жарна жинауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шығыс Қазақстандық 30 жастағы Бекзат Қалиұлы – биыл өз шаңырағының иесі атанған бақытты жандардың бірі. Оның баспанаға бастар жолы 2020 жылы «Жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй» бағдарламасымен басталды. Бес жыл бойы бір бөлмелі пәтерде тұрып, небәрі 11 мың теңге төлеген. Осы кезеңде алғашқы жарнаға жеткілікті қаражат жинап, Наурыз бағдарламасы арқылы көптен күткен арманына жетіпті.
«Он бір мың теңге төледік, тегін тұрумен бірдей. Өйткені қазір пәтер бағасы 150 мың теңгеден жоғары. Ай сайын ақша жинап, «Наурыз» бағдарламасымен үш бөлмелі пәтер алдым», – деді қала тұрғыны Бекзат Қалиұлы.
Ернар Майкенов те – «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасының қатысушыларының бірі. Ол небәрі 15 мың теңге төлеп, 2 бөлмелі пәтерде тұрған. Бүгінде мемлекеттік бағдарлама арқылы өз баспанасына қол жеткізді.
«Жас отбасы үшін өте тиімді болды. Себебі үлкен қалада баспаналы болу өте қиын. Бес жыл мерзім аралығында тырысып, үй мәселесін шешіп үшін қаражат жинадық. Сол бастапқы жарнасын жинап, ипотекалық бағдарламамен үй алдық», – деді қала тұрғыны Ернар Майкенов.
Соңғы бес жыл ішінде жалдамалы пәтерде тұрған 200-ден астам тұрғын мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен өз үйіне қоныстаныпты. Биыл бұл көрсеткіш одан әрі ұлғаймақ. «Алматы жастары» бағдарламасы аясында 2550 адамға тұрғын үй несиесі беріледі.
«2024 жылдың соңында желтоқсанда «Тұрғын үй қатынастар заңына» өзгерістер енгізілді. 2019 жылдан бері сатып алу құқығынсыз берілген пәтерлер, кезек тәртібімен берілген пәтерлерді жекешелендіруге рұқсат берілді. Кезекте тұрып, пәтерін алған азаматтардың бәрі жекешелендіру құқығын алды, – деді Коммуналдық инфрақұрылым басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдішүкірұлы.
Айта кетейік, «Алматы жастары» бағдарламасы жүзеге асқалы 6 мыңға жуық жас баспаналы болды. Тек өткен жылдың өзінде 1 400 маман қоныс тойын тойлапты. Биыл да бағдарлама жалғасын тауып, жастар үшін несие мөлшерлемесі 20 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.
Еске сала кетейік, 14 наурыздан бастап бағдарлама бойынша өтініш қабылдау басталды.
Мәди Мәлік. Рашиддин Якупов
Оқи отырыңыз: Алматыдағы №8 өрт сөндіру бөлімі қайта жаңғыртылды