Форумға қатысушылар ғылым мен білім интеграциясына қатысты өзекті мәселелерді талқылады
Алматыда IV халықаралық «Фараби» форумы өтіп жатыр. «Адамзат тарихындағы әл-Фараби мұрасы» атты іс-шара шеңберінде ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Басқосудың негізгі мақсаты – әл-Фарабидің бай мұрасы арқылы қазіргі қоғам дамуының рухани, тарихи және философиялық негіздерін түсіндіру, сондай-ақ ойшыл мұрасын зерттеп жүрген отандық және шетелдік ғалымдарды бір алаңға біріктіру. Форумға қатысушылар ғылым мен білім интеграциясына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
«Фарабидің 1155 жылдығына «Фарабитану» атты көптомдық шығарып көпшіліктің назарына ұсынбақшымыз. Бұл – бір елде әлі шықпаған дүние. Себебі сонау орта ғасырдан XXI ғасырға дейін Фараби туралы жазған ғалымдардың ғылыми мақалалары, монгорафиялары онтомдыққа кірген», – деді философия ғылымдарының докторы, профессор Жақыпбек Алтаев.
«Биыл форумның аясында екінші рет Түркі халықтары фиолософия қоғамы қазақ комитетінінің мәжілісі өткізіліп отыр. Бұл түрік дүниесін әл-Фарабидің есімімен байланыстыра отырып, философиялық қауымдастықты бір араға жинап, өзекті мәселелеріне ортаға салумен де ерекшеленіп отыр», – деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия кафедрасының меңгерушісі Әсет Құранбек.
Оқи отырыңыз: Алматыда әлеуметтік саладағы көмекші персоналдың жалақысы артты