Биыл семинар Қазақстан, Франция, Словения, Ресей, Үндістан, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген 300-ден астам маманның басын қосты
Алматыда интервенциялық кардиология саласындағы мамандарға арналған ауқымды халықаралық шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Конференция аясында Орталық Азия аумағында алғаш рет, жыл сайын Парижде 10 000-нан астам қатысушыны жинайтын әлемдегі ең ірі оқу курсының бірі, PCR оқыту семинары өтті.
Францияға бара алмайтын мамандар үшін ұйымдастырушылар осындай білім беру іс-шарасын әр өңірде өткізеді. Биыл алғаш рет мұндай семинардың бірі Қазақстанда, Алматы қаласында ұйымдастырылды.
Биыл семинар Қазақстан, Франция, Словения, Ресей, Үндістан, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген 300-ден астам маманның басын қосты. Әлемнің жетекші клиникаларының спикерлері өз тәжірибесін бөлісіп, жаңа технология мен әдістерді таныстырып, интервенциялық кардиологияның даму перспективаларын талқылады.
Конференцияның екінші күні Қазақстан интервенциялық кардиологтары қоғамының отырысы өтті. Бұл жыл сайын өтетін мамандардың білім алмасуына, өзекті мәселелерді талқылауына және заманауи жетістіктерді тәжірибеге енгізуіне мүмкіндік беретін шара.
Интервенциялық кардиология - қарқынды дамып келе жатқан медициналық саланың бірі: жыл сайын жаңа құрылғы, емдеу әдісі және диагностикалық тәсілдер пайда болып, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімдігін арттыруға ықпал етеді.
Бүгінде Қазақстанда интервенциялық кардиологиямен айналысатын 250-ге жуық маман бар. Бұл сала 15-20 жыл бұрын ғана қарқынды дами бастағанына қарамастан, қазірдің өзінде айтарлықтай жетістікке жетіп отыр.
Коронарография - жүрек қан тамырларының жай-күйін бағалауға мүмкіндік беретін интервенциялық кардиологиядағы негізгі диагностикалық әдістің бірі. Қазақстанда жыл сайын 60 000-нан астам коронарография жасалып, оның нәтижесі бойынша әрі қарай емдеу тактикасы анықталады: дәрілік терапия тағайындалады, стент орнатылады немесе аортокоронарлық шунттау жүргізіледі.
Егер науқасқа стенттеу қажет болса, Қазақстанда жыл сайын 30 000-нан астам мұндай процедура жасалады. Бұл - миокард инфарктісі кезінде өмір сүру мүмкіндігін айтарлықтай арттыратын шағын инвазивті араласу әдісі.
Интервенциялық процедура қол немесе аяқтың артериясын кішігірім тесу арқылы жүргізіледі. Мұндай әдіс ашық хирургиялық отамен салыстырғанда әлдеқайда қауіпсіз әрі жарақаты аз.
Науқас процедура кезінде есінде болады және бірнеше сағаттан кейін-ақ өздігінен қозғала алады. Бұл оңалту мерзімін қысқартып, асқыну қаупін азайтады.
Екі күндік шара аясында медициналық техника көрмесі де өтті. Онда әлемдік жетекші компаниялар өзінің инновациялық әзірлемелерін таныстырды. Бұл технологиялар дәрігерлерге күнделікті диагностика дәлдігін арттыруға, емдеу әдісін жетілдіруге және пациенттердің сауығу болжамын жақсартуға көмектеседі.
Конференция қатысушылары интервенциялық кардиологияда қолданылатын заманауи медициналық құрылғылармен танысып, олардың тиімділігін өндірушілермен және әріптестерімен талқылап, клиникалық тәжірибеге енгізу мүмкіндігін қарастырды.
Қазақстан интервенциялық кардиологтары және эндоваскулярлық хирургтар қоғамының төрағасы Оразбек Саховтың айтуынша, осындай білім беру және ғылыми шаралар медицинаның дамуына маңызды үлес қосады. Олар мамандарға тәжірибе алмасуға, кәсіби дағдысын жетілдіруге және жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуде әлемдік озық стандарттарды қолдануға мүмкіндік береді.
«Жыл сайын жаңа әдіс пен технологиялар пайда болып, пациенттерді емдеуді жақсартуға көмектеседі. Мұндай конференцияның арқасында біз жаңалықтармен танысып қана қоймай, оларды өз тәжірибемізге қалай бейімдеуге болатынын талқылаймыз. Бұл жас мамандар үшін өте маңызды, себебі біздің сала қарқынды дамып келеді. Ал үздіксіз білім алу - сәтті емдеудің кепілі», - деп атап өтті Оразбек Сахов.
Конференцияның маңызын Қазақстанда жыл сайын 60 000-нан астам коронарография және 30 000-нан астам стенттеу жүргізілетіні дәлелдейді. Жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратын науқастарға дер кезінде және сапалы медициналық көмек көрсету - инфаркт және басқа да асқынудан болатын өлім-жітімді азайтудың негізгі факторы.
Шара қорытындысы бойынша мамандар өзара пікір алмасып, болашақта әріптестік байланысты нығайту бойынша жоспар құрды. Қатысушылар мұндай семинарлар Қазақстанда интервенциялық кардиологияны ғана емес, жалпы өңірдегі медициналық көмектің деңгейін көтеруге ықпал ететініне сенім білдірді.
Оқи отырыңыз: 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру: ІІМ фармацевттерге үндеу жасады