Екі жыл бойы көтерген мәселе шешімін тапты
Халықаралық ғылыми байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ оларды дайындаған педагогтарға біржолғы ақшалай сыйақы беріледі. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында көпшілікпен бөлісті.
Мәжіліс депутатының айтуынша, халықаралық ғылыми байқаулардың жеңімпаздарына университетке түсу үшін грант беру және біржолғы ақшалай сыйақы тағайындау мәселесін екі жыл бойы көтерген.
"Ашығын айтқанда, министр болған кезімде тек халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары ғана емес, ғылыми жобалардың да жеңімпаздары осы бұйрық жобасына енгізілген еді. Бірақ Қаржы министрлігі қаражат жетпейді деп қолдамай, сол бұйрықпен тек олимпиада жеңімпаздары қапмтылған еді. Содан кейін, Парламентте жұмысты жалғастырып, тиісті түзетулерді әзірлеп, Үкіметке бірнеше рет ұсындық. Алғашқы талпыныстарда қолдау таба алмадық. Одан кейін ұсынысымыз жартылай шешілді: грант бөлу мәселесі мақұлданып, жуырда қабылданған заңға сәйкес, халықаралық ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаздары енді ҰБТ тапсырмай-ақ грантқа ие бола алады. Бірақ ақшалай сыйақы жағы тағы қолдау таппады. Осыдан кейін біз ақшалай сыйақы мәселесін қайта-қайта көтердік. Нәтижесінде, міне, ол да шешімін тапты! - деді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.
Оқи отырыңыз: Алматыда Қазақстан интервенциялық кардиологтары қоғамының XIII конференциясы өтті