Биыл теңізге 1,38 млрд текше метр су келген
Аралдың арнасын толтыру жұмысы жанданады. Алып айдын суын қалыпқа келтіру ісіне Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп күш салмақ. Әріптестік аясында халықаралық құжат қабылданды. Бастама бүгін жоғары палата қабырғасында қолдау тауып, мақұлданды. Ала шапанды ағайындар мен біздің ел Аралдың ахуалын жақсартуда нендей шаруаларды іске асырмақ? Бұл сауалға Аlmaty.tv тілшісі жауап іздеп көрді.
Аралдың бүгінгі ахуалына депутаттар алаңдаулы екен. Сенаторлар бірінен соң бірі ұсыныстарын айтып, алып айдын суын қайтсек қалыпқа келтіреміз деген мәселені көтерді. Халықаралық деңгейдегі маңызды іске Қазақстан мен қатар Өзбекстан да құлықты. Екі ел енді бірлесіп Арал бассейніндегі ахуалды жақсартуда күш біріктіреді. Жоспарлы жұмыстағы алғашқы қадам трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бірлесіп басқару болып отыр.
"Бұл келісім екі ел үшін де тиімді болып тұр. Құжатқа 2022 жылы 22 желтоқсанда Ташкентте қол қойылған. Бастамада атмосфера ластануының алдын алу, судың ластануына жол бермеу, экожүйені тозудан қорғау мәселелер ескерілген. Тағы бір маңызды міндет - Арал бассейніндегі экологиялық жағдайды бірлесіп қалыпқа келтіру. Халықаралық құжат шеңберінде қоршаған ортаны мониторингтеу саласындағы бірқатар жұмыстар да атқарылады", - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ольга Булавкина.
Биыл Арал теңізіне 1,38 млрд текше метр су келген. Қазіргі солтүстік бөлігін сақтап қалуға күш салынып жатыр. Теңіздің құрғаған табанында сексеуіл егу жұмыстары қолға алыныпты. Экология және табиғи ресурстар вице-министрі соңғы 3 жылда 413 мың гектар сексеуіл отырғызылғанын мәлімдеді. Бұл іске қазынадан 6 млрд теңгеден астам ақша бөлініпті.
"2024 жылы бойынша 64 мың гектар сексеуіл отырғызылды. Соның ішінде 15 мың гектар «Қазмұнайгаз» АҚ қаржыландырылуымен атқарылды. Сонымен бірге Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жаңа питомник салынды. Сол питомник жыл сайын 3 млн көшет береді. Министрлік осы аталған мәселелер бойынша басқа да жұмыстар жүргізіп жатыр", - деді ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев.
Аралдың апаты бүгінде Қазақстан мен Өзбекстанға тікелей әсер етіп отыр. Теңіз тартылған соң екіге бөлінді. Үлкен Арал ала шапанды ағайындар бөлігінде қалса, Кіші Арал – Қазақстан еншісінде. Көрші ел алып айдынды қалпына келтіру жұмыстарын ерте бастап кеткен. Осыдан 6 жыл бұрын теңізінің түбін көгалдандыру бойынша мемлекеттік бағдарлама қабылдап қойған. Бұл іске біздің ел енді білек сыбана кірісіп жатыр. Жоспар бойынша алдағы 4 жылда Кіші Аралдың көлемін 27 млрд текше метрге дейін жеткізу көзделген.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Аlmaty TV, Астана
Оқи отырыңыз: Республика күнінде қазақстандықтар қалай демалады